Дүкен Мәсімханұлы: Менің де жүрегіме терең бойла...

МЕНІҢ ДЕ ЖҮРЕГІМЕ ТЕРЕҢ БОЙЛА....

АЛТЫННЫҢ БУЫ


Мен Дүкен деген ду едім,

Саф алтынның буы едім.

Маңайы думан, жаны жыр,

Қоғалы көлдің қуы едім.

Намыс пен оттан жаралған,

Қолыңа алсаң ту едім.

Темірден алмас алатын,

Мен семсердің суы едім.


Мен дудың кені, ду едім,

Алтынның ыстық буы едім.

Аңқасы кеуіп келгенге,

Саялы орман ну едім.

Тандыры кеуіп келгенге,

Тұмадан тұнық су едім.

Бал емес болса керегің,

Мен жер-көкте жоқ у едім.


Мен, мен едім, мен едім,

Алтынның буы – ем едім.

Аққу ұшып, қаз қонған,

Жағасы жайлау көл едім.

Төскейі сайран, жиын-той,

Көкорай шалғын бел едім.

Жағалыққа жарасаң,

Жарасқан етек, жең едім.

Затым – қазақ, атым Дулат, ер едім.


Беу, мен ұлы едім халқымның,

Мен буы едім алтынның.

Қызғыштай қорып жерімді,

Өртеніп, жанып, шарқ ұрдым.

Шашылар кезде шашылмай,

Алқынбас кезде алқындым.

Басылар жерде басылмай,

Тартынбас жерде тартындым.


Мен алтынның буы ─ мор едім,

Даламдай дархан, мол едім.

Арғы тегім сұрасаң – 

Нақысбектей зор еді.

Елім-жұртым барында,

Төбесі маған жол еді.

Күндестерім барында,

Айналам түгел ор еді.

Өнерімнің барында,

Мен бір емес, он едім.


Мен Дүкен деген  дүр едім,

Адамның есті ұлы едім.

Құлжадан шыққан көш басын,

Алматыға тіредім.

Егемен елдің төрінде – 

Астанада жүр едім.

Астанаммен  жарысып, 

Тотыдайын түледім.

Мен мынау жердің бетінде,

Бақытты жанның бірі едім.


Уа, мен Дүкен деген сері едім,

Арда емген тел едім.

Қазатын жан табылса

Мен  ортаймас  кен  едім.

Таба алмасаң тілімді,

Алақұйын пері едім.

Қазақстаным аманда,

Мен кімдерден кем едім?!

Жаны ауырған адамға,

Мен- алтынның буы – ем едім!



ЖІГІТ

─ Мұхтар Құл-Мұхамедке


Құж денесі қорғасыннан құйғандай, 

Жүрегі бар   ғалам түгел сыйғандай.

 Ақылы бар түн-түнекті түргендей, 

Айбаты бар алапатты тыйғандай.


 Ар-ожданның күзетшісі  қабағы, 

(Сол қабаққа ілінбесең жарады). 

Намыс тұнған, иман сінген екі бет, 

Екі беттен қан да, нұр да тамады. 


Ғадауатты кірпіктермен байлаған, 

Сақшы дей бер қос жанарды жайнаған. 

Адамдықтың  ақ  жолы мен арманы, 

Қазан баста қашан көрсең қайнаған. 


Тау-даланың, замананың сұлтаны, 

Қам-қайғысы ─ Отаны һәм ұрпағы.

Батыл.

Батыр.

Бірақ оны байлауға

Қыз шашының жетіп жатыр бір талы.


Барын бұлдап, жоғын айтып зарламай, 

Отырады көктен түскен  қамбадай.

Сол  ЕР ЖІГІТ  қыздар түгіл, 

бүгінде  ─ 

Заманаға арман болып қалғаны-ай!



АУЫЛ. ШІЛДЕ.ТАСАТТЫҚ


Сарытап ауыл.

Таныс маң…

Санасы, қамы әр қилы.

Ақ сағым ойнап алыстан,

Бетіңді жалын шарпиды.



Боз адыр жоны сарыкүйік,

Сайлардың кепкен тандыры.

Тораңғы, жынғыл тарбиып,

Қақтана жатып қалғыды.


Шаншылып түсіп шаңқан нұр,

Өртеді жердің өзегін.

Жалындап, жанып тау-тандыр,

Қаңырап қалды өзенің.


Моншадай қайнап атырап,

Ақ жалын шашты аспанға.

Қыртысы жердің қақырап,

Балқып бір жатты тастар да.


Төбеттер тілі салақтап,

Тырмалап жерді тынбайды…

Төрт түлік түгел далақтап,

Қораға келіп шулайды.


Бір уыс болып кең өлкең,

Май құйған  оттай  маздайды.

Қуырылып құрттай  көлеңкең,

Артыңа кері жаздайды.


Құрбандық шалып, ас беріп,

«Аллалап»  ауыл жылады.

Қан шашып жерге, жас төгіп…

Бір тамшы жаңбыр сұрады.


Лапылда, өртен, жалында…

Жоқ екен құлдың еш емі.

Түс қия төкті-ау ауылға,

Алланың рахман нөсері…



ОРМАНДАР КӨШІ 


Түннің  тұп-тура  жарымында,

Он  бесте  толған  айдың  жарығында.

Қара  орман  күбірлесті.

«Көшейік  бүгін»  десті.

Осыны  мақұлдасты,

Тау-таспен   бақұлдасты...

                     

«Тездеңдер!  Үркер  ауып  кетті...»  десіп,

Бір-біріне «жол  болсын!»  деп  тілесіп.

Тау-тасын  –  ата   жұртын  тастады  да

Қара  орман бір-ақ   түнде  кетті  көшіп.


Қолдағанменен  Тәңірі,

Табылғанменен   сарығы,

Көшпелі  қара  орманның – 

Тауында  қалды  тамыры.



ПОЭЗИЯ


Жүрегімдегі  жалынсың,

Білегімдегі  қарымсың.

Көңілімдегі  таңымсың,

Өмірімдегі  барымсың.

Бойдағы  ұят,  арымсың,

Ойдағы  мият – сарынсың.

Тамырымдағы  қанымсың,

Кеудеде   шыбын  жанымсың.


Көгімде  күлген  күнімсің,

Белімде  жүрген  жұлынсың.

Ақиқатымсың,  шынымсың,

Ақтара  қалсам  сырымсың.

Ұйыған  мақпал   түнімсің,

Құдайға  жетер  үнімсің.

Шыбын  жандағы   шырылсың,

Кермек  те,  у  да,  шырынсың...


Атойлап  шықсам  ұрансың,

Шырқатып  салсам  жыр-әнсің.

Самғасаң  көкте  қырансың. 

Зауласаң  жерде  бұлансың.

Бабамнан   қалған  мұрамсың,

Ұлы  даламсың, Тұрансың...


Көкейде  тұнған  сезімсің,

Таңдайға  біткен  сөзімсің.

Маңдайда  жанған  көзімсің.

Бай, бақытты  кезімсің,

Қайыса  қалсам  төзімсің,

Майыса  қалсам  тезімсің.

Осының  бәрі өзіңсің – 

О,  ұлы,  мәртебелі  ПОЭЗИЯ!



ҚАЗАҚСТАНЫМ,  ҚАЙДАСЫҢ?


Отаныма  туды  ғой  деп  азат  күн,

Мен  шетелден  елге  оралған  қазақпын.

Шекарадан  өтпей  тұрған  кездегі –

Қиялдағы  Қазақстан,

Пай, пай, шіркін, Ғажап-тын.


Келдім  дағы  бір  күдікке  мінгестім,

Алатаумен  тілдестім,

Сарыарқада   күн  кештім.

Алакөлді  айналдым,

Шалқыған  шалқар  Каспидің

Толқынына  үн  қостым.

Ендей  де,  бойлай  шарладым,

Таппадым  сені  ардағым...


Көк  дөненімді  тағалап,

Ертістің  бойын жағалап,

Қос  қанатымды  сабалап,

Сырдың да бойын сағалап,

Іздеуден  әсте  танбадым,

Таппадым,  сені  ардағым.


Қыс-жазым  өтсе,  күз дедім,

Ертеңнен  күдер  үзбедім.

Табам   деп  күнде  өзіңді

Жиырма  бір  жыл  іздедім.

Таппадым, бірақ  талмадым,

Қайдасың  менің  ардағым?! 


Ашылсын  көзім,  жайнасын,

Шешілсін   тілім,  сайрасын.

Ырысым,  құтым  өзімнің – 

Қазанымда  қайнасын.

Биі  мен бегін  Алашым,

Адалынан  сайласын.

Адасқан  күндер  айыбын – 

Белдеуіме  байласын.

Алашымнан  туған  ұл – 

Антынан  берген  таймасын.

Осы  еді  менің  арманым,

Жалғанда  жалғыз  ардағым-

Қазақстаным,

Қайдасың?!



ҚЫС


Сары аяз, қара жел, үскірік, 

Ақ сүңгі, боз қырау... бәрі бар. 

Аспан тұр бозарып, түшкіріп, 

Қалбақтап ұшады кәрі қар.


Күнгейлер есінеп, буланып, 

Мұз емшек бұлақтар қызарған. 

Қолтығы сәл тершіп, суланып, 

Таулардың бойлары ұзарған.


Ақжорға тайпалып даламен, 

Тізгінін ойпаңға іркеді. 

Бүрісіп, құрысып бар әлем, 

Күн  көзін  тұманмен сүртеді.


Аяз да өзінше күш қылып, 

Өмірді өкпеден қысады. 

Шақырар  қайың-тал  ысқырып, 

Жарқырап жалаңаш құшағы.


Ескі жүрт секілді қысқы бақ, 

Тірліктен, үміттен жоқ белгі. 

Мен келем қолымды ысқылап, 

Қиялмен  қызықтап  көктемді.



ҚҰЛА АЙҒЫРДЫҢ ҮЙІРІ

- Шәріптің әңгімесі


Дос-дұспанды иісінен айырып,

Тік тұрады “алғы шепте” күн, ай, жыл!

Бір үйірді қабағымен қайырып, 

Қос құлағын қайшылайды құла айғыр.

      

Қиқулаған, иесі ме,  ұры ма...

Қалт жібермей қадағалау міндеті.

Көкжалдар да  қарап алсын сұрына,

Құла айғырмен ойнамасын кім де кім.


«Мал» болғанмен,  қақпан, құрық баспайды,

Арқырап бір,  атты  адамға  шабады.

Дойырыңнан,  сойылыңнан саспайды,

Тұяқты да, азуды да салады...

      

Ұлыққа да, ұрыға да жан керек,

Шыбын жанын олжалайды амалдап.

Құла айғырды күна болар  “мал” демек,

Тірлігі оның малға қалай саналмақ?!


Көкжалдарың күндік жерден безеді, 

Құла айғырдың көрінгенде қылаңы.

Құлын тұр ғой,  қыл бермесін сезеді,

Сосын басын өзге жаққа бұрады.

        

Ірілікті ұлылық деп сүйеді ел,

Күтеді оны көбіне-көп  еркектен.

Құлын мүсін байталдар мен биелер,

Құла айғырға адалдыққа серт еткен...


Әттең дейсің!

Әттең, қазақ жұртының,

Тамырынан айырылғаны сор екен.

Өзге түгіл, тек бір ғана жылқының,

Ер жігітке  үйретері көп екен...

      

Бір ауылды қабағымен қайырған,

Туған елін бермейтұғын дауылға.

Қара қылды қақ  екіге айырған,

Құла айғырдай  бір  жігіт  жоқ  ауылда.


Деп күрсінді Шәріп жездем толғанып,

Жүз-шырайын  белгісіз бір мұң басты.

Сосын жаймен домбырасын қолға алып,

Сүгірменен сырласты...


Дүкен Мәсімханұлы

Қабылан ақпараттық порталы

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Дүкен Мәсімханұлы: Менің де жүрегіме терең бойла...
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/poezia/2017-07-07/821.html