Көргенім керексіз ақпарат ал миым қоқыс жәшігі


70-80 жылдары атақты болған усойқы сатирик Джордж Карлиннің әйелі қайтыс болған кезде жазған мақаласы екен. Бұл мақаланың өзектілігі күн өткен сайын артпаса, бір мысқал да кемімей келеді.

«Бүгінгінің пародоксы мынада: біз зәулім ғимараттар салдық, бірақ төзімді кемітіп алдық, жолдарды кеңітіп, көзқарасымызды таяздаттық. Ақшаны молынан шашамыз, бірақ қолдағымыз мандымайды, көп нәрсе сатып аламыз, бірақ одан ләззат алмаймыз. Үлкен үйлерде тұрамыз, бірақ отбасыда жан басы азайды. Ыңғайлы өмір сүреміз, бірақ оған аз ғана уақыт бөлеміз. Ең мықты білімді игереміз, бірақ данышпан болып кетпедік. Терең ілімге ден қойдық, бірақ жағдайды нашар бағамдаймыз. Сарапшылар саны өсуде, бірақ қиындықтар көбеюде. Медицина зор жетістіктерге жетті, бірақ денсаулық одан жақсарып кетпеді. Көп ішеміз, шылым шегуді де азайта алмадық, қолдағы барды бей-берекет ысырап етеміз, аз күлеміз, жылдам жүреміз, ашуға тез бой алдырамыз, тым кеш ұйықтаймыз, шаршап оянамыз, кітапты аз оқимыз, есесіне теледидарды көп көреміз, дұғаға сирек бойұсынамыз. Тайталасты көбейттік, құндылықты азайттық. Көбік сөз көп, сүйіспеншілік селдір, жек көру басым. Аман қалуды білеміз, бірақ қалай өмір сүру керектігін білмейміз. Пенде ғұмырға жас қосамыз, бірақ әр жасымызға жан бітірмейміз. Айға барып келдік, бірақ көшенің қарсы бетіндегі көршімізбен тынысып, амандасуға ықтиятты емеспіз. Ғарышты бағындырып жатырмыз, бірақ рухани мүгедекпіз. Үлкен істер жасаймыз, бірақ ең жақсы істерге қол тигізе алмаймыз. Ауаны тазартып, жанымызды ластап жатырмыз. Атомды иліктіргенмен, соқыр нанымнан арыла алмадық. Көп жазамыз, аз білеміз. Көп нәрсе жоспарлаймыз, соның ширегіне де қол жеткізе алмай далмыз. Асығуды үйрендік, бірақ күте білмейміз. 

Мол ақпарат сақтайтын, көшірмесі есепсіз болатын жаңа компьютерлер ойлап таптық. Ал, адамдар өзара аз араласады. Жылдам тамақтану мен нашар асқорытудың, үлкен адамдар мен жармақ жандардың, үдеген табыс пен қиын қарым-қатынастың заманы туды. Жанұялық кірістің көбейіп, ажырасудың шектен шығып, кең сарайдай баспаналар мен күйреген отбасылардың дәуірі келді. 

Арақашықтық кеміп, бір реттік жалайық шығып, бір күндік өсиет, бір түндік төсектің, адамды қоздыратын, жұбандыратын, жанын алатын дәрілер мен семіздіктің уақыты етек алды. 

Көздің жауын алатын сөрелер, бос қоймалар. Осы хатты сізге жеткізетін, оқыған соң өшіріп немесе бөлісуге мүмкіндік беретін дамыған технологиялар заманымен бетпе бет келудеміз. 

Есте сақтаңыз! Қаперге ала жүріңіз! Кімді жақсы көрсең, соған көңіл бөл. Өйткені, ол адам сізбен мәңгілікке бірге болмайды. Жақын адамыңызды үнемі құшақтап жүріңіз. Өйткені, жүректен баратын ең ізгі лебіз сол көк тиын тұрмайтын ыстық құшақ қана. Сүйген адамдарыңызға «сүйем» деп айтып жүріңіз, бірақ алдымен сүюдің не екенін жан дүниеңізбен сезініңіз. 

Егер шын жүректен шықса, от құшақ пен ықтиярлы сүйіс кез келген қиындықты жеңіп, небір тығырықтан алып шығады. 

Бірге болған, қол ұстасқан сәттеріңізді бағалап, ешқашан естен шығармаңыз. Себебі, бұл адам мәңгі сіздің жаныңызда қала алмайды. Махаббатқа уақыт табыңыз. Әңгімелесуге ден қойып, ой түкпіріндегі асылыңызбен бөлісуге асығыңыз. Өйткені, өмір тыныс алумен өлшенбейді. Өмір жаныңды еліттірген әр сәтпен өлшенеді!»

Аударған Шынар Әбілдә

Қабылан ақпараттық порталы

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Көргенім керексіз ақпарат ал миым қоқыс жәшігі
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/sin/2017-08-16/877.html