Періште көрдім

Ардақ Нұрғазыұлы туралы ой-толғам

(эссе)

Ол әдебиетке құштар. Іңкәр ғашық. Ғашықтық өзі бір тылсым ғой. Ішпен білінетін қуат. Көзге құйылатын от. Жанарды қарып өтетін жалын. Оның жанарындағы құштарлық қантөгіс майдандағы балаң әскердің ай туғанына алаңдап аспанға шалқайған естанды хәлін еске түсіруші еді. Өйткені, ол майдандағы тәртіптен шаруасы жоқ, әлемге не үшін келіп, неге кетіп бара жатқанын шын ұққысы келген жан болатын. Осындай мұңлы хәл Эрих Мария Ремарктың «Батыс майданда еш өзгеріс жоқ» деп аталатын романында еңсеңді басып, бәз қалпыңды, адамдық негізіңді еске түсіре беруші еді ғой. Нақ сол хәлді оның жанарынан көретін едім. Қантөгіс майданда жеңілу мен жеңістің айырмасын көрмейтін мұңлы жанар. Еріксіз жерге топ еткен пенденің еркін тартып алушы қоғам мен майданның ноқтасынан босап шыға алмағандар көздерің қызбай ақ қойсын! Шын еріктің мәнін білгің келсе, қол қусырып бір рет оның жанарына қарашы?!

Оны көптен танитын едім. Бірақ, тосыннан оны республикалық белді әдеби журналдың редакциясынан көріп қалдым. Редакция бөлмелері ауысып, көшіп қонған сәт пе, ол бос бөлменің ортасынан орналасқан үстел үстінде шалқасынан түсіп ұйықтап жатты. Тал түсте. Ақ қағаздарының үстіне жата кетіпті. Мен кіріп келгенде, дыбыстан оянып кетті ме, атып тұрды. Жүзі солғын, ұйқысы шала шығар, қабағы ісік. Бірақ, әдеттегідей күлімсіреп амандасты. Піреште көргендей тосылып мен тұрмын. Шығармашылық сандалыстағы адамның реңкін алғаш таныдым. Ішкі жанталас пен сыртқы сүреңсіздік еңсесін басқандай екен. Бірақ, ол жеңілгенін мойындамайтын әскерлерше қанмайданда тік тұра бергісі келді. Үнсіз ғашықтығын ешкімге ұқтыра алмаған балаң әскерлерше...

«Шетел әдебиеті» газетінің әр санын асыға тосамын. Қазақ тілінде оқырманға оңай жететін олжаның көлеңкесінен ұйқысыз түндердің, таусыла тесіліп әр сөйлемді әрлеген, әр мәтіннің астарын ашқан маңдай тердің иісін анық сеземін. Газет қағазы да ескілеу, ұсақтап жазылған әр беттің көлемі кітапқа салса бес алты бет, алты беттік бетте бір аптаға лайық мазмұн бар. Сол уақыттарды сағынасың. Сол уақытта сол үнсіз мәжнүннің алты беттік газетінен лыпып ұшқан іңкәрлік, аяулы махаббатты сезінгенің үшін әлденеге жауапкершілігің ұлғая түседі. Шын сүюдің бағасын, мазмұнын, айқасын ұғасың. Айғайшылардың сұлбасын көріп таң қаласың. Ғашықтық үнсіздік екен.


Оның ақын болуына толық мүмкіндігі бар. Ол қазақ топырағына әлемдік ізденістің униформасын еккісі келеді. Адамзат болмысының ұмыт болған, қайталанған, жадыланған жерінен емес, ізбасары, атұстары, жалғасы, ат басын бұрмай өтуге болмайтын түнемелі, бата қайырып басына түнейтін қарашаңырағы болғысы келеді. Болуға мүмкіндігі зор. Ол уақыттың бағы. Оның маған сырбаз прозасы ұнайды. Ол салмақты Маркестің өзін қазақ қылуға бар. «Өлген адам» әңгімесіндегі ұстамдылық, кейіпкерлердің екінші, үшінші жақтан сөйлесуі, көзің атыздай болатын сюжетті сабырлы баяндауында, мінез сомдауында айрықша жаңалық бар. Өз басым, осы шығармасын өзгелерінен жұлдызын жоғары қоямын. Жас кезінде жазылса да, баппен, асыққа ұмтылған ғашықтай ынтызармен жазылған. Оның үстіне, аруақ көргіш Эдгар По, аруақсатқыш Гоголь, үрейсүйгіш Кафка, қанысуық Камю, қылмыскер Достоевский, аруақты келеке еткен Твен, жүйкесі жұқа Кинг, сөзге сараң Маркестің көлеңкесі де жоқ. Бұл өзі. Нақ Ардақты Ардақ ететін төл стиль. Төл дауыс. Қазақы аңқыма - сабырлы әңгіме.   

Ол өз топ еткен уақыт пен белдеудің тамырын басушы. Адамның рухани өсуінің шексіз шегіне сапарлап қайтқысы бар. Сондықтан, кейде кері, кейде алға қарай, кейде оң мен солға қарай да шектеуліліктің қабын бұзып жарғысы бар. Еркіндікті қай тұрғыда, қай мұрсатта түсіне алатынын үнемі сынаушы. Үнемі іздеуші. Саралаушы, сараптаушы. Тарихтың басқан ізінен бүгінгіні тексеруші. Ол күмән келтіруші. Аққа да, қараға да. Ол сандалушы. Ол адасқақ. Әр пендеге осы кептің бәрін жамауға болар еді. Бірақ, оның қадамын аңдығандар не айтып тұрғанымды түсінер деп ойлаймын. Содан да ол, өзі еріксіз келген ортаға (өмірге, қоғамға) – майданға өзгенің бұдан сұрамай, түсіндірмей қойған талаптарына мұрнын шүйіре қарайды. Келу де, кету де еріксіз екен, неге әлдекім мұның сыртынан қандай ойын ойнайтынын сұрамай ақ шешіп қояды? Ойынға таза кіріскендер ойнай берсін. Майданның жалған аттанына шауып, уақытынан бұрын мерт бола берсін. Адам боп келгесін, алаңдап аспан мен арыңа қарамасаң, бекершілік.

Ол шығармашылық адамы, ізденіс адамы. Ойдың теңізі. Ол еңбегін қара бақырға сатқан емес. Ол өз болмысын іздеуші.  Ол ақын. Осы сөздерді оның жер басып жүргенінде айтқым келді. Кейін неме керек?


С. Шәмші


®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Періште көрдім
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/sin/2018-01-13/1006.html