Текті қызды қалай тануға болады?

Осы тақырыпты қаузамас бұрын жігіттердің қыздарға деген ашық пікірін білмекке бірқатар сайттардың форумдарына қонақ болдық.

Жақсы сөз кемшін. Сосын психологиялық сарындағы зерттеулерді адалап шықтық. Жақсыны тану қиын емес дейді олар. Тануға талпыныс болса болғаны. Көз керек. Көкірегі ояу адам өзіне лайығын адаспай табады. Дегенмен, бүгінгі тақырып – текті қызды қалай танимыз?

Көп жігіттер жақсы қыз жоқ деп аузын қу шөппен сүрткенді оңтайлы санайды. Адалап шыққан форумдардан бір мысал келтірейік.

«Медет, 26 жас: Оқу оқыған неше жылда талай қызға ғашық болдым, бірақ бірі де жақсы емес болып шықты. Жатақханаға барсаң, қыздардың бәрі тегін заттай. Оларға қарап үйленгім келмейді. Қыз табу қиын. Бәрі жүргіш».

Қыздардың да айтары осы тектес лаж. Ал, осындай дәйектерге қарап, ешкім үйленбей қалмайды емес. Заманды бұзатын адам. Жақсы анадан ала да туады, құла да туады. Әр адам іздегенін табады. Ал, көкірегі жақсыны танымаса, оны кімнен көреді? Хадисте де айтылған әр адам өзі қандай болса, қосағы да сондай болмақ деп. Яғни, зинақорға зинашы әйел, жүрегі таза адамға текті қыз бұйырмақ. Барлық игілік нәпсіні тыя білуден. Кім жақсы қызды жолықтырып, жақсы жар құшқысы келмейді? Бірақ бес саусақ бірдей емес қой...

Әйел заты да адам баласы ғой. Ол да өзгеруге бейім. «Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шықты» демекші, тектіні тани алып жүрміз бе? Қатып қалған дүние жоқ, әркім өзгере алады. Кім қалай өзгеріп жатыр? Қанатсыз жардан сорлаған адам аз ба? Тауқыметті тағдырлар, тоқыраған сезімдер қаншама?... Ажырасу белең алып тұрған заман сарыны бұл солқылдақ тәрбие кесірінен деген пайымдауларды алға тартады. Жақсы жар жоқ дейтін біржақты пікірлер толассыз. Бірақ бұл тәрбие көрген, өнегелі қыздар жоқ деген сөз емес қой. «Он мыңнан бәлкім, екі адам...»

Адам баласы кештік өмірі болса, түстік мал жинайтын әдетінен танбайды. «Сенімділік. Күнделікті қаншама адам қиянаттан жапа шегіп, уайым-қайғымен өмір сүріп, бір-біріне мағынасыз мұң сыйлайтынын көріп-білсек те, мұндай қателікке өзіміз де ұрынып қалуымыз мүмкін екенін толыққанды түсініп тұрсақ та, бәрімізде үйленуге асығамыз» дейді шығыс даналығы. Сонымен, текті қызды қалай танимыз? Батыс ғалымдары қыз баланы сырт қылықтарынан-ақ тануға болады деп есептейді екен. Бірқатар белгілерін де анықтап, жүйелепті. Зер салған адам түйсінуі де, көріп жүрген қыз баласы турасында бүкіл ой-пікірін өзгертуі де мүмкін. Аталмыш зерттеу нәтижесін көзі қарақты оқырман назарына ұсынуды жөн деп білдік.

Біріншіден, қыз баланың көркі – ол сыпайылығы. Қазіргі заманда аса маңыздысы – сыртқы сыпайылығы. Киім киісі, бояна білуі. Сыпайы қыздар үнемі әурет жерлерін жауып жүретін киім үлгілерін таңдайды. Аздаған қиығы бар көйлектерге қарсы болмаса да, өңірі ашықтауын сирек киеді.     Әйел заты сексуалды болуы керек. Бірақ оны ашық түрде көрсетпеуге тиіс. Аяқ киім таңдауда өкшесі барына ден қояды. Бірақ біз өкше емес. Ол тым анайы көрінеді.

Екіншіден, түс таңдай білуі. Тым ашық, гүлді киімге, бұйымға әуес болмау.

Үшіншіден, табиғилығы. Шашы да өзінікі, қасы да өзінікі болғаны абзал. Жақсы қыз бойын жасандылықтан аулақ ұстайды.

Төртіншіден, ұсақ-түйектер. Текті қыз әмәнда құнды заттарға қызығатын әрі оларды бағалайтын жан. Былғары етік, сөмке, белдік, қымбат сағат, сырға, киімдері тесіксіз, алабажақ емес, таза, ұқыпты, көркем.

Бесіншіден, классика. Сән қумайтын, тек өзіне ғана жарасатынды тани білуі. Мұндай қыздарға жәй ғана қара көйлекпен ерекше «бренд» белдік тақса да жеткілікті.

Алтыншыдан, дұрыс жүріп-тұруы, сөйлеуі. Кітап пен спортзал жан достары болмақ.

Жетіншіден, шаш қойысы. Шаш ешқашанда жалбырап тұрмауы керек. Шаш таза, мұқият жиналған, түйілген, өрілген, тек буылмауы керек. Шашты тек «өз еріңнің алдында ғана жаясың» қағидасына берік болуы шарт. Қысқа шашты әдемілеп қию, ұзын шашты жинап жүруі маңызды.

Сегізіншіден, шеберлік. Үйге қажетті бір ісмерлікке ден қоюы, кесте тігу, құрақ құрау және тағысын тағылар... Тоғызыншыдан, жүректі болу. Тектілік деген тәкәппарлық емес. Ол адамгершілік. Өзге туралы ғайбат сөйлемеу.

Оныншыдан, үнемі жымиып жүру. Түсі игіден түңілме дейтін халықпыз. Жүзі нұрлы жандар мейірімді келетіні рас. Абдуллаһ ибн Амр (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Расында дүниенің баршасы нығымет, ол нығыметтің ең қайырлысы – әйел», – дейді.

Ал, ер азаматтар әйел затынан не күтеді? Психологиялық сайттың сауалнамасына сүйенсек, сауалнамаға жауап берген жігіттердің басым бөлігі, яғни 43% жарынан мөлдір махаббат күтеді екен. Ал, жарынан тек ердің сөзін мақұлдап, иіле білуді азаматтардың 9% ғана растапты. Яғни, сүйісеншіліксіз өмір бос. Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Аллаһтың елшісіне (с.а.у.): «Қайсы әйел жақсырақ?» – деген сұрақ қойылған. Сонда ол (с.а.у.): «Егер қарасаң – қуандыратын, бір нәрсе бұйырсаң – бағынатын және өзі мен малына қатысты мәселелерде өзіңе қарсы шықпайтын әйел»– деп жауап береді.

Жақсы жігіт жақсы жар таңдай білуі керек. Өйткені, таңдау азаматтың мойнындағы парыз. Ал, жақсыны бағалау текті қыздың еркінде. «Әйел көркі – қылығында», – депті ғой Жүсіп Баласағұн, сол айтпақшы адаспай таңдай біліңіз.

Қыздардың құлағына алтын сырға деп, бір сырды айта кетейік. Ер азаматтар қанша бұзылса да, биологиялық тұрғыда олардың ұрығы жаңарып, жақсарып, жаңғырып тұруға бейімді. Арақ ішкен жігіт қойып кетсе, оның зардабын тез жоя алады. Ал, қыз баланың аналық жұмыртқасы сол қалпында тұрады. Жаңармайды. Тек өседі. Ішімдік пен темекінің, есірткінің зияны бір тисе, оның салдары мәңгілікке өзгермейді. Түзетуге келмейтін қателікке бой алдырмау керек. Оны қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан, қазақ қызға қырық үйден тыйым салған. Сау ұрпақ, саналы өмір үшін текті қыз алған абзал.

Шынар Әбілдә

Қабылан ақпараттық порталы

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Текті қызды қалай тануға болады?
Тұрақты сілтеме: /A_kop/dastur/2017-07-25/850.html