Елімізде балаға ғаламтор пайдалануға тыйым салынады

​www.24.kz

Қазақстандық балғындардың ғаламторды қолдануына тыйым салынуы мүмкін. 

Бүгін Парламенттің бір топ депутаты осындай бастама көтеріп, жаңа заң жобасын әзірлеуге кірісті. Ол үшін «Балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау» деп аталатын құжатты қолданысқа енгізу көзделіп отыр. Депутаттардың айтуынша, теледидар, әлеуметтік желі және өзге де ғаламтор кеңістігі кәмелет жасына толмаған өрендердің өсіп-жетілуіне кедергі келтіреді. Әсіресе, ұялы телефон арқылы кез келген бейнефильмді көріп, компьютерлік ойынды ойнауға мүмкіндік бар. «Бұл жағдай тәлім-тәрбиесі жетілмеген балаға кері әсер етеді», - дейді төменгі палата өкілдері.


Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 - Бұл өзі 4-шақырылымнан келе жатқан заң. Алдында бір рет талқыланды. Бұл маркировкамен ғана шешілмейді. Қоғамда болып жатқан бір нәрседен ғана қорғауы мүмкін. Әлеуметтік желіден қорғау керек. Талқы керек. Ұсыныстар керек. Шынында ұрпағымыздың санасына кері әсер ететін болса, шектеу қою керек.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары кабельдік желі арқылы көрсетілетін шетелдік мультфильмдерді шектеу керектігін айтады. Себебі, олардың бірде-бірі мемлекеттік тілде емес және бала санасын жат қылықтарға жетелейді.

Бекзат Рахимов, ҚР АКМ департаменті директорының орынбасары:

 - Шетелдік телеарналардың контентіне шектеу қоя алмаймыз. Бірақ, жаңа заң жобасы осы бағыттағы жұмысқа оң әсерін тигізуі мүмкін. Яғни, сол телеарна өнімдері бала денсаулығы мен тәрбиесіне зиян келтіретін болса, тиісті шектеу қойылады.

Источник: 
http://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/175466-elimizde-ba
www.24.kz

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Елімізде балаға ғаламтор пайдалануға тыйым салынады
Тұрақты сілтеме: /A_news/2017-05-02/586.html