Қырғызстаннан Қазақстанға экспортталатын азық-түлік көлемі 27 пайызға өсті

Тұрақтылық – кәсіби шеберліктің белгісі. Қазақстан мен Қырғызстан кәсіпкерлерінің арасындағы тығыз байланысты осылай атаса болады. 

Өйткені биыл да «Қазнекст Инвест» компаниясының ұйымдастыруымен өткен форумға қатысқан қырғызстандық іскер топ өкілдерінің қарасы қалың. 

Өзінің үздік өнімін таныстыру үшін айыр қалпақ ағайын еліне түрлі саладағы қазақстандық 30 кәсіпорынның өкілі келген. Машина құрастыру, химия өндірісі, азық-түлік тауарлары, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары. Бұл тек тізімнің басы ғана. Таныстырылған тауардың түрі көп болды. 

Марат Шаршекеев, Қырғызстанның сауда-өнеркәсіп палатасының президенті: 

-Өзге форумдармен салыстырғанда дәл осы форумның берері көп. Кәсіпкерлер өзара түсіністік орнатады. Өйткені олар алдын ала келіседі және бір-біріне сенім артады. Сондықтан іскер адамдар үшін бұл форумның маңызы зор. 

«Қазнекст Инвест» Қырғызстанда мұндай форумды алғаш рет ұйымдастырып отырған жоқ. Жыл сайын жергілікті бизнес өкілдерінің қызығушылығы артып жатыр. Әр жиын соңында екі ел кәсіпкерлері оншақты келісімге қол жеткізеді. Биылғы жылдың жетістігі ретінде «Қазнекст Инвест» компаниясының бизнес өкілдеріне сауда-саттықпен шектелмей, ортақ кәсіпорындар құру туралы жасаған ұсынысын айтуға болады.

 Аскар Арынов, «Kaznex Invest» АҚ атқарушы директоры:

 -Қазақстан экономикасын индустриализациялау бірінші кезекте шетелдік инвесторлардың өндірісін, технологиясын, қаржысын елімізге тартып, жаңа кәсіпорындар құруға және олардан шыққан өнімді өзге елдерге сатуға бағытталған. Сондықтан бүгінгі шара еліміздің индустриалды қауқарын өзгелерге көрсетуге арналған.  

Бүкіл әлемдегі іскерлік белсенділіктің төмендеуі Қазақстан мен Қырғызстан қатынастарына да әсер етпей қоймады. Екі елдің сауда айналымы 500 миллон долларға дейін қысқарды. Алайда соңғы мәліметтерге қарағанда, Қырғызстаннан Қазақстанға экспортталатын азық-түлік көлемі 27 пайызға өсті. Сол үшін «Қазнекст Инвест» мамандары айыр қалпақ ағайындарды Қазақстандағы еркін экономикалық аймақтардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, кәсібін ұлғайтуды ұсынып отыр. Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев, Бақыт Чермашев


Дерккөз: Www.24.Kz

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Қырғызстаннан Қазақстанға экспортталатын азық-түлік көлемі 27 пайызға өсті
Тұрақты сілтеме: /A_news/2017-05-04/613.html