Қымбат сый - Әсерлі әңгіме

Зергерлік дүкен. Сатушы еріне есінеп, көшеге көз салып тұр. Дәл осы сәтте бүлдіршіндей қыз келіп, дүкендегі бағалы бұйымдар тұратын сөреге тесіліп қарай бастады. Іздегенін көзімен тапқан кішкене қыздың жанары жарқ етті. Ол дүкеншіге қарады да, көгілдір ақықтан жасалған әсем моншақты көрсетуін сұрады.

- Бұл менің әпкеме. Әдемі қорапқа салып, орап бере аласыз ба? — деп сұрады бейкүнә періште. 

Қожайын балдырғанға сенімсіздікпен қарады. Сосын:

- Қанша ақшаң бар? – деді. 

Ол ширақ қимылдап, қалтасындағы беторамалды суырды. Беторамалға түйілген ұсақ тиындарды сатушының алдына шашып жібереді. Қуанышқа толы үлкен көздерімен сатушыдан: 

- Осы жеткілікті ме? – деді. 

Бәрі де майда тиын екен. Ақша санай алмайтын пәк жүректің иесі әңгімесін мақтанышпен жалғастыра берді: 

- Мен әдемі моншақты әпкеме сыйлағым келеді. Анамыз қайтыс болғалы ол үнемі бізді бағумен өзіне еш қарамай кетті. Бүгін оның туған күні. Оның көздері түстес моншақ оған жарасар еді. Мен бүгін оны қуантқым келіп тұр!

Қожайын моншақты алып ішкі бөлмеге кіріп кетті. Ол жақтан өте көркем қорапша әкелді де моншақты ішіне салып, сыртын көк түсті баумен әсемдеп байлап берді. 

- Ұста! — деді сосын қызға. — Абайлап жүр!

Қыз бала сыйлық алғанына шаттанып, секіре басып үйіне жүгіре жөнелді. Жұмыс күні бітер кезде зергерлік дүкеннің табалдырығын бейтаныс бойжеткен аттады. Ол сатушының алдына оған таныс қорапшаны қойды. Оралған қағазы мен бауды жеке берді. 

- Мына моншақ осы жерден алынды ма? Бағасы қанша екен? 

- Ә! — деп қожайын кішкентай қызды еске түсірді, — менің дүкенімдегі әр заттың бағасы сатушы мен сатып алушының арасындағы құпия. 

Бірақ бойжеткен бұл жауапқа бой бермеді: 

- Менің сіңлімнің аз ғана тиыны бар еді. Ал, мына моншақ таза ақықтан жасалған ғой. Демек, өте қымбат болғаны. Бұндай сый алуды біздің қалтамыз көтермейді.

Сатушы қорапшаны алып, қағазына қайта орап, бауын әдеттегідей әдемілеп тағып берді де оны бойжеткенге ұсынды: 

- Ол бұл моншақты өте қымбатқа сатып алды. Кез келген ересек адам бере алмас бағаны төледі. Ол қолда барының бәрін берді, - деді сабырлы қалпынан айнымай.

Аядай дүкеннің ішінде шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнады. Бойжеткеннің жанарынан екі тамшы үзіліп, дірілдеп тұрған қолындағы қорапшаға тамды…


Аударған Шынар Әбілдә

Қабылан ақпараттық порталы

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Қымбат сый - Әсерлі әңгіме
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-08-25/908.html