​Ги де Мопассан : Ай сәулесі

Ай сәулесі

Әңгіме


Аббат Мариньяның фамилиясы айбарлы, нақ өзіне лайық болатын. Бойшаң да қатпа бұл священник жаны-тәнімен дінге берілген, сезімтал, бірақ қатал адам еді, айнып-толқу оған жат қылық болатын. Өз ойынша шынымен құдай тағаланың құдіретіне жеттім, оның ой-мақсатын, жол-жобасын білем деп ойлайтын. 

Деревнядағы шіркеу үйінің бақшасында аяғын маң-маң басып жүрген кезде, кейде ол өзіне өзі: «Құдай ананы неге жаратты екен, мынаны неге жаратты екен?» деп сауал беруші еді. Іштей өзі сол құдайдың орнында болып, соның жауабын іздеп әуре болатын, және жауабын таппай да қоймайтын. Иә, ол: «О, тәңірі, сенің жолыңа тәубә еттім» деп соқыр сеніммен күбірлеп отыратын адам емес-ті. Оның ойы ап-айқы: «Мен құдайдың құлымын, сондықтан оның тілегін білуге немесе, ең болмағанда, болжап табуға тиіспін» дейтін. 

Табиғаттағы бар зат оған ғажайып бір берік заңдылықпен жаралған тәрізді көрінетін. «Неге» және «өйткені» деген сөздер қашан да бір-біріне сәйкес келетін. Таң шапағы ұйқыдан шаттанып ояну үшін жаралған, жаздың күндері – егін пісу үшін, жауын – егінді суару үшін, кешкі ымырт – ұйқыға қамдану үшін, қараңғы түн – рақаттанып ұйықтау үшін жаратылған деп санайтын. 

Жылдың төрт маусымы егіншіліктің бар жағдайына сай келеді, осыдан барып табиғатта саналы мақсаттардың жоқтығы, қайта керісінше, бар мақұлық аса қажеттілікке бағынышты екені, геологиялық дәуірге, ауа райы мен материяға байланысты болатыны бұл священниктің ойына өмірі кіріп те шықпаған. 

Бірақ ол әйел затын жек көретін, ақылға жүгіртіп ойланбастан еріксіз сезімге бой ұрып жек көретін. Ол Айса пайғамбардың: «әйелім, менімен екеуіміздің арамызда нендей ұқсастық бар» деген сөзін көп қайтара айтатын. Расында, әйел жынысын жаратқанына жаратушының өзі де риза емес сияқты. 

Аббат Мариньянның ойынша әйел шындығында бір ақынның айтқанындай: «онекіде бір нұсқасы адал боп тумаған» жан сияқты. 

Адам атаның өзін арбаған сиқыршы осы әйел еді, әлі де ол сол нәзік, сиқырлы қалпын өзгертпей, өзінің арамдық ісін істеп жүр деп ойлайтын. Әйелдің харам тәнінен көрі оның махаббатшыл жанын жақсы көретін. 

Ол өзіне әйелдің ілтипатының қалай ауатынын талай рет сезді, бірақ та, соған өзінің жібімесіне кәміл көзі жете тұрса да, ол әйел жанын мәңгі-бақи өртеумен болатын махаббаттың осы бір ынтықтырғыш күшіне наразы еді. 

Оның ойынша құдай әйелді жаратқанда тек еркекті еліктіру, сынау үшін ғана жаратқан. Әйелді көргенде алдыңда бейне бір құрылған тор тұрғандай сақтықпен, байқап жұғысу керек. 

Шынында да әйел деген тордан кем түспейді, қолдары құшақтауға ыңғайланып, еріндері сүюге икемделіп тұрады. 

Жалғыз-ақ монах әйелдерге ол қайырымды еді, өйткені ақниеттік парызы олардың қолын байлайды, алайда солардың өзіне де бұл қатал еді: олардың да қапасқа түсіп, тауалы қайтқан жүрегінің түкпірінде өшпес сезім жатады, ол сезім әлі де болса аласұрып, тіпті шіркеу басшысы мұның өзіне де бой ұрады. 

Олардың көзқарасы, діншіл еркек монахтардан өзгешелеу мейірбанды жасаураған көзқарасы, әйелдердің атынан әлденелерді қосып айтқан дұғалары, Айса пайғамбар жек көрсе де, бұлардың оған деген махаббаты сол сезімді сездіруші еді, өйткені бұл әйел махаббаты, тән махаббаты болатын: ол осы оңбаған сезімді, тіпті олардың құлшылық етуінен, сыпайы үнмен, телміре қараған көзінен, қатал тілмен қорқыта айтқан уағызына жауап ретінде егіле жылаған көз жастарынан да сезеді. Сөйтіп монастырь қақпасынан шыға бере ол шапанын қағып-сілкіп, пәледен қашқан адамша, үйіне асығып қайтатын. 

Өзімен көршілес үйде шешесімен екеуі ғана тұратын жиен қарындасы бар-ды. Аббат оған емдеуші сестра бол деп үгіттеп қоймайтын. 

Өзі сүйкімді, мінезі ұшып-қонба, жайдары қыз болатын. Аббат оған тағлым айтып тұрса, күлетін; күлгенге ашуланса, қыз оны айқара құшақтай алып, құшырлана сүйетін, сол кезде аббат оның құшағынан босанбақ боп әрекеттенеді, сөйткенмен де, әрбір еркекте болатындай, оның да әкелік сезімі оянып, іштей рақаттанып қалатын. Кейде екеуі далада серуендеп жүрген кездерінде, аббат көбінесе құдай туралы, өзінің тәңірісі туралы әңгімелер айтатын. Бірақ қыз оның сөзіне құлақ аспай, аспанға, шөпке, гүлге айнала қарай беретін, көзінде өмірдің шаттық нұры ойнайтын. Кейде ол ұшып бара жатқан көбелекті қуа жөнеліп, ұстап алатын да:

- Нағашы, қараңызшы, қандай әдемі! Тіпті, сүйгің келеді, - дейтін. 

Міне, әлдеқандай бір шыбын-шіркейді немесе гүл шоғын сүйем деу аббаттың тынышын кетіріп, ренжітіп, ашуландырып тастайтын, ол бұдан тағы да әйел жүрегінің нәзіктігін көретін.

Бір күні таңертең понамарьдың әйелі келді, ол аббат Мариньянның үйін басқаратын-ды. Әйел аббатқа жиен қарындасының біреуге ғашық болып қалғанын жұқалап сездірді.

Аббат кереметтей абыржып, тілі күрмеліп, аузына сөз түспей бақшиып қарап қалды, ол бұл кезде сақал-мұртын қырынып жатыр еді, бетіне сабын жағып алғанын да ұмытып кетті. 

Ақыры сөйлеуге мұршасы келгенде барып: 

- Мүмкін емес! Сіз жалған айтасыз, Мелани! – деп айқайлап жіберді. 

Бірақ шаруа әйел қолын кеудесіне басып: 

- Ақиқат шын, жалған айтсам, құдай алсын мені, тақсыр кюре. Күнде кешке сіздің қарындасыңыздың көзі ұйқыға кетісімен, қызы лып беріп үйден шығып кетеді. Жігіті өзен жағасында күтіп тұрады. Сенбесеңіз сағат он мен он екінің арасында сол жерге бір барып байқаңызшы. Өз көзіңізбен көресіз, - деді. 

Ол иегінің астын қырынуды қоя салып, терең ойға батқан кездегі әдетінше, бөлмеде зыр қағып әрлі-берлі сенделіп жүре берді. Сонан соң қайтадан қырына бастап еді, мұрны мен құлағының арасына үш рет жара түсірді. Күні бойы ол үн-түнсіз, ашу мен ызаға булығып жүрді. Махаббаттың жеңілмес күшіне қарсы священниктің қатты ашуына бір кішкентай қыздың дін иесін, өзінің қамқоршысын, адам жанының ибалығын сақтаушыны қатты жәбірлеп, алдап кетуі үстемелей қосылды. Қыз ата-анасының рұқсат, билігінсіз мен өз жарымды таптым десе, ата-анасы қандай ренжіп ашынар еді, аббат та солай ашынды. 

Түскі тамақтан соң осы ойдан арылу үшін кітап оқып көріп еді, ештеме шықпады, ашуы онан сайын өрши түсті. Сағат онды соғуы мұң екен, қолына жуан шоқпар таяғын алды, таяқты ол тек түнде сырқат адамның үйіне барғанда ғана ұстап шығатын. Аббат жұмыр таяққа күлімсірей қарап, қарулы қолымен шыр айналдырды. Сонан соң кенет тісін шықыр-шықыр еткізіп, орындықты құлаштап кеп пергенде, арқалығы қақ бөлініп, еденге ұшып түсті. 

Есікті ашып еді, бірақ таңғажайып десе болар, кереметтей жап-жарық ай нұрына қайран қалып босағада сілейіп тұрды да қалды. 

Сонымен аббат Мариньянның жаны да шіркеудегі әулиелердің, сол бір қиялшыл ақындардың жанындай шабытты боп жаралса керек, кенет ол тып-тымық ашық түннің ғажайып көркіне елтіп барлығын естен шығарды. 

Әлсіз ғана сәуле түскен кішігірім бақ ішінде тізбектелген жеміс ағаштарының жаңа жая бастаған жапырақтары жол үстіне оюлы көлеңкесін түсірді; үйдің бір жақ іргесінде үлкен жидек бұтасынан жанға жайлы, шырынды хош иістің аңқығаны соншалық, мөлдір, жаздың жайлы кешінде асыл жанды бір нәзік бейне ағараңдап жүрген сияқтанады. 

Шарап ішіп шаңырқанған маскүнемше, таза ауаны аббат та шаңырқана кеуде керіп, құшырлана сімірді. Осылай масаттанған мейірмен ақырын басып ілгері жүрді, жиен қарындасы есінен шығып та кетті. 

Дуалдан шыға бере ол тұра қалып төңірекке көз жүгіртті, барлық жазық дала ерке, нәзік нұрға шомып, тымық түннің күмістей ақшыл мұнарына шымқанып тұр. Әлсін-әлсін бақылдаған бақалардың құрылы естіледі, қашықтау маңда бұл-бұл сайрап, құйқылжыта ән шырқауда, оның әні ой тарқатып, қиялыңды оятқандай, ән тек сүю үшін, ай нұрының барлық ғашықтары үшін жаралған тәрізді. 

Аббат ілгері жүре берді, бірақ, неге екені белгісіз, жүрегі елегізеді. Бойын әлдеқандай бір әлсіздік, кенеттен қажығандық билеп, отырғысы келді, алланың жаратқандарына үнсіз тәжім етіп, ай астында ұзақ отырып, сүйсіне қарай бергісі келді. 

Алыста, өзен жағалауында қатар түзей өскен ақтерек тоғайы жатыр. Толған ай астында күлімсірей көгілдірлене көтерілген буалдыр тұман өзен үстінде қалықтап, бүкіл арнаны үлпілдеген ақ жамылғы бүркеп тұр. 

Аббат тағы да тоқтай қалды: белгісіз бір себеп оның жан жүйесін барған сайын елжірете түседі.Бойын мазасыз қобалжу мен күдік биледі, кейде өз-өзінен туатын көп сұрақтың бірі қайтадан туғандай сезінді. 

Осының бәрін құдай неге жаратты екен? Егер түн ұйықтауға бола, бар заттың тыныш алуына бола жаралса, қалайша ол күндізгіден тамаша, қалайша ол таңсәріден, кешкі іңірден мейірімді? Және бұл қалайша күннен де әсем, сондай жұмсақ, жұмбақ сырлы ғажап шырақ күндізгі өткір жарықты көтере алмайтын асылдарға нұрын құю міндеті жүктелгендей, неге сонша баяу жүзіп нұрланады, қалайша ол түн мұнарын жарық етеді?

Ең әнші құстар басқалардай неге түнде ұйықтамай, әсем ән шырқаумен өткізеді?

Әлемге бұл нұрлы аспан неге керек екен? Неге жүрек мұнша толқып, жан елжіреп, тән ериді?

Адамар көрмегесін, өйткені олар бұл кезде жататын болғасын, мұншама ғажап, көз жеткісіз көп сұлулықтың неменеге қажеті бар? Көктен жерге құйылған бұл керемет әсемдік, бұл сарқылмас поэзия кімдер үшін жаралған?

Бұған аббат жауап іздеп таба алмады. 

Бірақ әне шабындықтың аржақ шетіндегі басын дымқыл тұман басқан ағаштардың түбінен қатарласқан екі адамның көлеңкесі көрінді. 

Еркегі ұзын бойлы екен, қасындағы қызын иығынан құшақтай келеді, және әлсін-әлі қызға еңкейіп, маңдайынан сүйеді. Кенет айналадағы жансыз сұлу көрініс, екеуіне көрік бола жаралғандай, жанданып қоя берді. Олардан басқа жан жоқ тәрізді, мынау тымық жарық түн жалғыз соларға ғана арналғандай, сөйтіп бұл екеуі священниктің сұрағына жанды жауап, тәңірінің өзі жіберген жауабы сияқтанып, тура осылай беттеп жүріп келеді. 

Бұған қайран қалып, жүрегі аттай тулаған аббат, құлап кете жаздап, зорға тұр; ол көз алдындағыны Руфи мен Воозаның ғашықтығы сияқты, діни кітаптарда айтылатын, әсем табиғаттың сән аясында құдайдың құдіретімен болған ғажайып елес екен деп ойлады. Бұдан кейін Әндер  әнінің өлеңі, шабыт үні, тән үндеуі, махаббатпен жалындаған бұл дастанның отты жыры түп-түгел оның басында сайрап тұрды. 

«Мүмкін, құдай бұндай түнді жаратқанда,  адам махаббатты таза аспан түндігімен бүркеу үшін жаратқан болар», - деп ойлады аббат. 

Сонымен, ол құшақтасқан мына екеуге беттей алмай шегіне берді. Ол өзінің жиен қарындасын таныды, бірақ та енді ол өзіне-өзі тәңірінің жазмышына қарсылық етіп қойдым ба, деп сауал берді. Егер құдай махаббатты мұндай әсемдікпен бөлеп тұрса, ол адамдардың бірін-бірі сүюге ерік бергені ғой. 

Сөйтіп ол өзіне рұқсат етпеген храмның ішіне ұрланып кірген адамдай, қысылып жөніне жүріп кетті.  

      

Ги де Мопассан

Аударған Р. Ыдырысов

Қабылан ақпараттық порталы

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » ​Ги де Мопассан : Ай сәулесі
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-07-04/811.html