Адамның бәрі жолаушы

Өткеннің жүрдек пойызынан қалып кеттім. Енді бәрі бітті. Арманға жету мүмкін емес деп қол қусырып отыра бермек едім, бір түлей түртті... Ес жинап, дереу қолымдағы билетті умаждап қоқысқа тастамаққа бекіндім. Кейін ол ойымнан айныдым. Бипаздап, сөмкеме салдым да бұл тығырықтан шығуым керек деп шештім. Алып-ұшып әуежайға жеттім. Ұшуға әлі біраз уақыт бар деп қуандым. Бәрі де реттелуі керек деп өз-өзімді жұбаттым. Менің қолымнан бәрі келеді. Мен мықтымын! Биіктен қорқатын ішкі үрейді осылай жеңе алмай отырғанда ауа-райы күрт бұзылып сала берді. Мен күткен ұшақ уақытынан кешігетін болды. Ол ұшақты көп тостым. Алапат дауыл бір толастар емес. Қанат байлап, арманыма ұшатын сәтте табиғаттың қарсы шығуы да бір жамандықтың нышаны шығар дедім. Дедім де бұл билетті де сөмкеме салдым. Енді қайда бет алмақпын? Өткенге оралуға кеш. Бүгінім дауылдан көз ашпайды. Келешектің айлағына бет алдым. Бірақ даланың қызы ашық теңізге шығып не қарық қылар екен? Күмән санамды күлдіретіп барады. Онда мені не күтеді? Үрей бойымды билесе де, артқа жол жоқ. Бәрі де түзеледі. Ең бастысы адаспай табу. Кемеге мінуді мақсат еттім. Соңғы мүмкіндік. Соңғы тәуекел. Тағатым таусылып, қай кеме қайда барарын, қайсысы арманыма сай келетінін санамен танып, жүрекпен түйсініп болам дегенше уақыт өтіп барады... Өстіп жүріп бақыттың базарынан кеш қалмасам нетті?! Ақырғы аялдама. Соңғы нүкте. Күт мені. Мен келемін. Міндетті түрде. 

Адамдар екі түрлі болады дейді бір данышпан. Бірі бүгінгісіне тәубе етіп, жеткеніне шүкір қылып, тәлейінен тапқанына көніп өтетіндер. Екінші түрі – өзін қолға алып, сәті жеткен кезде бәрін өзгертуден қорықпайтындар. Өзіне лайықты тағдырды өзі жасап шығуға жүрегі дауалайтындар. Әркім тағдырын өзі таңдайды.


Shynar Ábildá

asiainfo.kz

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Адамның бәрі жолаушы
Тұрақты сілтеме: /A_kop/psxologiya/2019-06-23/1144.html