Шілдеден бастап зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өседі

Шілденің бірінен бастап елімізде әлеуметтік төлемдер өседі. 

Базалық зейнетақы көлемі 13%-ға артады. Бұл жайында бүгін Мәжілісте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты. Қазір бала күтіміне берілетін бірреттік жәрдемақы көлемі артты. 

Шілдеден бастап төрт, не одан да көп балаға берілетін бірреттік жәрдемақы тағы артады. 142 мың теңгеге жетеді. Бүгін тиісті құжатты төменгі палата депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады.  

Қазір елімізде 2 миллионнан астам зейнеткер бар. Ал екінші жартыжылдықта 300 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Бүгінгі Мәжілісте талқыланған заң жобасы - алдымен солар үшін қажет құжат. Бала туғанда берілетін бірреттік көмек 1 шілдеден бастап 20%-ға көтеріледі. Жәрдемақының көлемі бірінші, екінші, үшінші балаға 38 АЕК-ке артса, 4 және одан көп балаға берілетін жәрдемақының көлемі 142 мыңға жетпек. 

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: 

– Ынтымақтастырылған зейнетақы 11%-ға, базалық зейнетақы 13%-ға көтерілетін болады. Сонда ең төменгі зейнетақы 45 мың 751 теңгеге көтерілгелі отыр, ал орташа зейнетақы 66 672 теңгеге дейін көтерілгелі отыр. Ал енді 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күнкөріс деңгейінің методикасының өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы тағы да 16%-ға көтеріледі. 

Елімізде жасы 18-ден асқан 59 мың мүгедек бар. Соның 13 мыңы үнемі күтуші көмегіне зәру. Мәжіліс депутаты Бақытжан Әбдірайым олардың әлеуметтік жағынан қорғалмай қалатынына қапалы. «Мүгедек бала 18 жасқа толған соң сауығып кетпейді» деген депутат осы мәселені қайта қарауды ұсынды. 

Бақытжан Әбдірайым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

– 18 жасқа толған соң мүгедек балалардың аналары ешқандай мемлекет тарапынан жәрдемақы алмайды. Анасының басқа жұмысқа орналасуына мүмкіндік жоқ. Сол мемлекеттен берілетін несие арқылы күн көреді. 

Бұл үшін қосымша 5 млрд теңге қаржы қажет екенін айтқан министр мәселені қайта қарап жатқанын жеткізді. Сондай-ақ 2018 жылдан бастап жұмыс берушіге өз қызметкерінің есебіне 5% көлемінде міндетті зейнетақы жарнасын аудару жүктелген. Экономикалық ахуалға байланысты бұл мәселе 2020 жылға шегерілді. Депутаттар еліміздегі жалғыз әйел министрінің іскерлігіне сүйсінсе де, сұрақсыз қалдырмады. 

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

– Ісіңізді жақсы біліп, екі тілде бірдей жосылып сөйлеп тұрғаннан кейін бе, сөйлете бергіміз келеді. 2014 жылдан бастап енгізілген міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына қатысты біздің тәжірибеміз бар ғой. Жұмыскерлер үшін тиімділігі қандай? 

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: 

– 2014 жылдан бастап біз зиянды жағдайда жұмыс істейтін азаматтарға зейнетақы жарнасын 5% төлей бастадық. Бүгінгі таңда оны 400 мыңнан астам жұмыс істейтін азаматтар алып жатыр. Екі жылдың ішінде 100 млрд олардың шотына түсті. 

Заң жобасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен қосымша 81 млрд теңге бөлінген. Құжат мәжілісмендердің көңілінен шығып, бірінші оқылымда мақұлдап тастады.


Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов

Дерккөз: Www.Khabar.Kz

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Шілдеден бастап зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өседі
Тұрақты сілтеме: /A_ekonomika/2017-05-18/706.html