Қабылан қазақ даласына қайта оралды

Қыркүйектің соңғы күндерінің бірінде Үстірт қорығында орнатылған фототұзақтың біріне қабылан (леопард) түсті. Бұл қуанышты жаңалық араға 1 ай уақыт салып әлеуметтік желілерде тарап, жұртшылықтың қызу пікірін тудыртуда. 

Фотодағы деректерге үңілсек қабылан 29 қыркүйек күні сағат түңгі 11 шамасында Маңғыстау жеріне келген. Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары Меңдібай Ағиевтің «Маңғыстау медиа» агенттігіне берген пікіріне құлақ ассақ, «Қызыл кітапқа» енген аң соңғы рет аймаққа осыдан үш жыл бұрын келген екен. 

Фототұзақ «Жаман Кендірлі» бұлағы маңында орнатылған. Мұндай аппараттың 8 данасы қорықтың әр тұсына қойылған екен. Әрқайсысының қуаты кемінде екі ай уақытқа жетеді екен. Бұған дейін аппаратқа қабыланнан өзге бұрын көзге көрінбей жүрген қарақұлақ аңы, мысықтың түрлері, дала мысығы түскен. Қорық мамандары енді итаю жануарын түсіруді жоспарлапты.


Мамандардың айтуы бойынша, жануар Түркменстан елінде бар, сол жақтан келген болуы мүмкін. Бұл аң Африкада, Азияда, Түрікменстанда, Ресейдің Қиыр Шығысында жиі ұшырасады. Көбіне бұғы, елік, арқар секілді түз тағыларымен қоректенеді. 

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жануарлардың өзінің тарихи мекен еткен аумақтарына орала бастағанын жазуда. Енді күтім, қорғау қажет, мүмкіндік болса қолға түсіріп, GPS навигаторлық құрылғысын орнатып, оның қайда, қалай тіршілік етіп жүргенін бақылап, көбейту қажет екенін алға тартуда.

Қабылан жайындағы арнайы зерттеу мақаламызды Айқынның алдағы сандарында оқи аласыздар.


Асқар Алтайұлы

https://aikyn.kz

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Қабылан қазақ даласына қайта оралды
Тұрақты сілтеме: /A_news/2018-10-24/1121.html