Байлыққа жету жолдары
Байлыққа жету жолдары
Егер біздің ақыл-есіміз, өреміз белгілі бір шеңбер мен қағиданың аумағынан шыға алмаса, жоқшылықтың барына ғана сенсек, біз бүкіл ғұмырымызды осылай ғана бағалаймыз. Егер біз жоқшылықта өмір сүрсек, бүкіл қуатымызды, қалауымызды осыған ғана бағыштап, өмірімізді жоқшылықпен өткіземіз. Адамдардың басым бөлігі жоқшылықты ғана ойлағандықтан «Менің мұнан артыққа мүмкіншілігім жоқ», «Менің балаларымда киетін киім де жоқ, мен қалай ғана молшылыққа сенемін» немесе «Менде біраз ғана қаржы болса, бұдан жақсырақ тұрар едім...». т.б.
Өмірде жолы болмаған адамдар нашар тұрамыз деген сенімді жүректеріне ұялатып алған, себебі олардың ойлаулары мен пайымдаулары да кедей, жұтаң, таяз. Осындай жоқшылықты ғана ойлағандықтан олар жоғары әлемдерден – ойымен, қалауымен, сөзімен өздеріне тек жоқшылықты ғана тартады, өздері Жаратушыдан осыны ғана тілейтіндерін білмейді, аңдамайды. Жаратушы осы ниет-қалауларын қабылдап сұрағанын беруде.
Жоқшылықтан құтылудың адам ойының өзгертудің бірінші қадамы – өзіңнің осы қалыпта бар екеніңе және қолыңда бар дүниеге қанағат етіп Жаратушыға ризашылық білдіріп, алғыс айтып тәубаға келіңіз. Бет алды алғыс айтпай – дәл қазіргі бар жағдайыңызға алғыс айтыңыз. Өзіңіздің осы өмірдегі тіршілігіңізбен көз, құлақ, аяқ т.б. мүшелер мен заттарыңыздың бар екенін, осының өзі ғажайып екенін жүрегіңізбен сезініңіз, осылай бағалаңыз. Барлық ынта-жігеріңізді, ойыңыз бен қалауыңызды жоққа, жетпейтін нәрсеге емес, керісінше, бар нәрселерге топтастырыңыз.
Молшылыққа жету үшін іштей: «Мен өзіме-өзім ұнаймын, өзімді қазіргі бар қасиеттеріммен, жетістіктеріммен сүйемін. Маған бақытты болу үшін осыдан артық ештеңенің қажеті жоқ. Мен жүрегіммен өзімнің осылай екенімді түйсінемін. Осылай өзіңді иландыра алсаңыз, ол сіздің молшылық пен байлықты игеруге дайын болғаныңыздың кепілі. Баяғыда біреу үлкен ғұламаға барып, өмірімнің соңына дейін бақытты және сәтті болуым үшін не қажет деп сұрапты. Ғұлама осының бәрі өзіңде бар деп жауап беріпті. Бақыт пен сәттілік – сырттан келмейтін, ішкі ағымдар. Біз жоқшылық пен кедейшілік тұрғысынан қарастыратын болсақ, былай деп пайымдаймыз: «Егер менде анау-мынау болғанда ғой, бақыт пен байлыққа шомылар едім». Осыны мұқият қарасақ былай болады: «Мен қазір разы емеспін. Маған керекті нәрсе жетіспейді. Осы жетіспейтін нәрсені тапсам ғана қанағаттанамын». Осындай жұтаң, таяз ойдың нәтижесінде мына қақпанға түсеміз: «Мен бақытты болу үшін көбірек нәрсеге ие болуым керек». Осы ой жүйесі жан-жағымыздағы қоршап тұрған молшылыққа, байлыққа бет бұрыс жасауға бөгет болады.
Сізде онсыз да бәрі бар. Сізде көпшілігіміз армандап жүрген – баққа, бақытқа, табысқа, қанағаттануға керекті нәрселердің бәрі де бар. Бізде тамақ, ауа, су ең бастысы ішкі қуат, ең бақытты адамға айналатын ойлау мен осыны іс жүзіне асыру қабілеті бар.
Молшылық пен байлықта өмір сүру – шоғырлап жинай беру емес, өзіңіздің «шексіз» рухани байлығыңызды жетілдіру, осыдан ләззат алу. Өзіміздің тәнімізді алайық. Бұл шексіз молшылықтың бейнесі; сіздің денеңіз неше түрлі істеуге қабілетті, оны тек қана ойыңыздың бағыты мен деңгейі ғана шектей алады. Сіздің миыңыз өзінің триллиондаған жасушаларымен оған ұйықта, тұр, биле, ұшақтар мен сүңгуір қайықтарды жаса, т.б. деп бұйрық бере алады. Өзіңіз – иә, сіз және өзіңіз мекендейтін денеңіз! – шексіз молшылық пен жетілгеннің нақты мысалысыз. Денеңіздің мүмкіншілігі шексіз.
Сіз өзіңіз – іс-әрекет жасайтын молшылық пен байлықсыз. «Менмін» деп айтатын тәніңіз, өзіңіздің «меніңіз» осы тәнді тастап, фәни әлемнен бақи әлемге өткеніңізде еш нәрсеге ие бола алмай қалады. Бұл туралы данышпан Абай атамыз былай деген:
Адам ғапыл дүниені дер менікі,
Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Сонда, ойла, болады не сенікі?
Осы денеңіз жанның жоғарыда айтылған өмірлік күш пен қуаттың арқасында іс-әрекет жасайды. Өзіңіздің «меніңіз» фәни әлемнен бақи әлемге өткенде, бұрынғы жылдар бойы жиып-тергеніңіз, енді басқа біреулерге қызмет етеді. «Менің жерім» деп иеленіп жүрген меншік жеріңіз, кейін басқа біреулерді қоректендіреді. Бағалы заттарыңызды басқа біреулер тағады. Өмір осылай ауыс-күйіспен мәңгілік жалғаса береді. Ешкім еш нәрсеге ие емес, егер осыны неғұрлым ерте түсініп, өмірдің өткінші екенін жүрегімен қабылдаса және заттар мен адамдарға қожамын деген пиғылдан арылса, сонда ғана таңқаларлық шексіз молшылықтың шарттарын түсініп, осы ағыммен өмір сүре бастайды. Іздегені сұрамай-ақ артығымен өзіне құйыла бастайды.
Әсет Ризаұлы
"Қабылан ақпараттық порталы"
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Байлыққа жету жолдары
Тұрақты сілтеме: /A_ekonomika/2017-05-19/712.html