Өмір ұсынған мүмкіндік

Жол бойында жұпыны тон киген қария отыр. Қасындағы қораптың бетіне "Маған бір түйір қуаныш сыйлай кетіңіз!" деген жазу жазылыпты. 

Қарияның жанына бір балақай жақындады. Түйілген жұдырығында тиыны бар. Ол қайыршыға садақа бермекші болған, алайда тура қасына келгенде таң қалды. Қорапта ақша жоқ екен. Қорап ішінде кәмпит, ойыншық, кітап және тағы басқа заттар көп екен. 

- Қайырлы күн! - деп күлімдеді қария. 

- Амансыз ба? - деп қысылды бала. - Ал менде ақша ғана бар, - деп абдыралы ол. 

- Ондай-ондай боп тұрады, - деді көңілденген қария, - сен тәттіні жақсы көресің бе?

- Жоқ, маған кәмпит жеуге болмайды.

- Кітап оқуға бола ма?

- Мен әзірге әріп танымаймын.

- Онда мына әуе шарларын үрлей аласың ба?

Бала басын изеді. Ол шар үрлегенді жақсы көретін. Қария қораптан бір уыс түрлі түсті шарды алып, балаға ұсынды. 

- Бұл үшін сізге не берейін? - деп сұрады бала мына шардың бәрін шынымен беріп тұр ма деген күдікпен.

- Балақай, сен маған емес, мен саған қарыздармын, - деп шорт кесті қария. - Сен маған қуаныш сыйладың. Өзгеге жақсылық жасау - тамаша мүмкіндік қой! Мұндай мүмкіндікті ешқашан уыстан шығармау керек!


Надея Ясминска

Аударған Шынар Әбілдә


®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Өмір ұсынған мүмкіндік
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2019-06-23/1146.html