Жаралы жүрек

Сен екеумізді тағдыр Жер бетінде неге жолықтырғанын мен білмеймін. Бәлкім, Көктегілердің іші пысып, бір-біріне мүлде үйлеспейтін екі адамды қосып, ақыры немен тынарын білмейтін бір трагикомедия жасап көрмек ойы болған шығар. Тек сен екеуміздің киномызда «хеппиенд» жоспарланбапты. Сондықтан комедия ақырындап драмаға айналды. Сен екеуміз мұны түсінбегендіктен қолдан келгенше тырысып бақтық. Біз тырысқан сайын Көктегілер күлкіге қарық болды. Сен екеумізге о баста сценарий бойынша қосылу жазылмағанын ешкім ескертпеді! Бір болудың бірде бір мүмкіндігі болмапты. Білмедік. Сезім үшін қанша жерден шарқ ұрып тырыссақ та қолдан түк келмеді. Болмауы тиіс сезім үшін жанталастық. Ақырында әбден қалжыраған, мұның бәрі бекер екенін түсінген сен екеуміздің хикаямызды пайдалы тәжірибе атадың да, бүкіл естеліктерді жүрегіңе түйіп, көрермен залынан шығып кете бардың. Қараңғы кинозалда бір өзім қалдым. Экран жарқырап тұр. Фильмнің соңында шұбатыла берілетін титр ғана баяу жылжып жатыр... Жаралы жүрегім «Сонда мұның бәрі не үшін?» деп сұрай берді... Бұл фәнидегі ешбір ессіз тәжірибе маған адамдар не үшін жүректі жаралайтынын түсіндіріп бере алмас. Жүрек бақытты болу үшін жаралмайтын ба еді?

 

© Алина Ермолаева, 2019

Аударған Шынар Әбілдә

asiainfo.kz


®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Жаралы жүрек
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2019-07-01/1148.html