Евгений Горный: Семиотика дегеніміз не?

Евгений Горный - жазушы, жорналшы, пәлсафашы. Zhurnal.ru, "Интернет сөзі" атты ірі ғаламторлық жобалардың негізін қалаушы. Орыс ғаламтор шежіресінің және басқа да көптеген жұмыстардың авторы.

Семиотика дегеніміз не? 

Таным барысында дәп-дәмді көрінген қоңырқай шәй, 

оны ішіп көрген кезде әсте ондай болмай шығуы мүмкін. 

- Ч.У. Моррис


«Тарту университетінде оқып жүргенде және кейіннен осы университетте семиотика бойынша дәріс беріп жүргенімде бір сұрақ әлсін-әлсін мазалайтын еді. Әр түрлі адамдардан әрдайым еститінім: «Семиотика деген не осы, айтшы?» деген сұрақ болатын. Уақыт өте келе өзіме мұндай сұрақтың «семиотика» деген сөзге қалыпты реакция екені мәлім болды. Семиотика деген не және немен айналысатынын бір де бір адам анық айта алмайды. Мәселен, әдетте ешкім «Математика немен айналысады?» немесе «Биология нені зерттейді?» деп сұрамайды. Бұл ғылымдардың пәндері мен міндеттері айтпаса да түсінікті. (Әлде, бәлкім, осы пәндерді мектепте өтетін болғандықтан шығар?)

Әрдайым осы сұраққа жауап іздегенде және немен айналысатынымды түсіндірмек болған кездерде мәселені шешу оңай шаруа емес  мықтап түсінемін. (Әдетте семиотика деген – «философия мен филологияның ортасындағы бір нәрсе» деген сияқты алып-қашпа жауап беріп құтылатынмын). Бірте-бірте өзімнің де семиотика дегеннің не екенін түсінбейтініме көзім жете бастады. Содан кейін осы жағдай туралы ойлана бастадым. Төменде менің медитацияларымның нәтижелері берілген». 

Үш анықтама

1. Семиотиканың ең кеңінен тараған классикалық анықтамасы объекті бойынша берілген анықтама болатын: «Семиотика деген – белгілер және белгілер жүйесі туралы ғылым». Алайда, бұл анықтамаға тереңірек қарасақ «белгілер» немесе «белгілер емес» деген айырмашылықты КІМ орнатады? деген сұрақ туады (бұл жерде алдын-ала: 1) белгілер БАР және 2) біз белгі деген НЕ екенін білеміз деп келісіп алайық). 

Қасиетті Августиннің өзі заттар мен белгілердің айырмашылығын анықтау қиын екенін түсінген. Бір жағынан, біз заттарды тани аламыз, заттар туралы тек белгілердің көмегімен заттарды белгілеу арқылы айта аламыз. Екінші жағынан, өзге уақытта белгі ретінде қолданылатын нәрсе кейбір жағдайларда жай ғана зат ретінде көрінуі (не қолданылуы) мүмкін. Мәселен, Библияны қасиетті және символикалық объект ретінде, талқылауды талап ететін күрделі белгі ретінде қадірлеуге болады. Сондай-ақ Библияны біреуді басынан ұрып өлтіру құралы ретінде қолдануға болады. Дәл осылайша адамдар кейде басқа адамдарға мүлдем маңызсыз бір заттарға ерекше мән беріп жатады. Экзотикалық діндерді ұстанушылар мен қояншықпен ауыратындарды осыған жатқызуға болады. 

Қысқаша айтқанда, қандай да бір затты қайда және қашан белгі деп қарастыруымыз не қарастырмауымыз көптеген жағдайларға байланысты. Бұл белгі болудың өз алдына дербес, нақты нәрсе емес, ол басқа бір факторлардан (психологиялық, әлеуметтік, мәдени және т.б.) ТУЫНДАЙДЫ дегенді көрсетеді. Алайда семиотиканы белгілік (белгі болып тану, танылу барысы) сияқты құбылыс қызықтырады. Сондықтан да ол осы мәселені тікелей қарастырмай, белгіні оны тудыратын жағдайлардан тыс анықтайды. ЗАТТАРДЫҢ проблемасы және сәйкесінше белгі/зат арақатынасы мәселесі шын мәнінде семиотиканың проблемасы емес (бірақ, кейде семиотиканың басты мәселесі деп қарастырады).

Семиотиканың белгі емес жағдайға қатысы болмағандықтан, белгілерден басқа нәрселердің бар не жоғын шеше алмайды. Немесе семиотика тілімен айтқанда, белгі емес те белгі деп қабылданады, бірақ ол қарама-қарсы мағынаға ие. 

Сонымен семиотика дегеніміз – КЕЗ-КЕЛГЕН НӘРСЕНІ белгі және белгілер жүйесі ретінде қарастырудың амалы. Оның нысаны  - БАРЛЫҒЫ, бұл дегеніңіз, НЫСАНЫ МҮЛДЕ ЖОҚ (немесе арнайы өзіндік объекті жоқ) дегенді білдіреді. 

2. Екінші типтегі анықтама – семиотиканың методы бойынша берілген анықтама. Ол бойынша: «Семиотика – табиғи тілден басқа нысандарға лингвистикалық методтарды қолдану». Бұл деген не? Бұл – семиотика қандай да бір нәрсені тіл сияқты құрылымы, функциясы бар дүние ретінде  қарастырудың белгілі бір амалы. Осындағы «сияқты» деген сөз методтың мәні болып табылады. Бұның бәрі тіл ретінде (немесе өзінің тілі бар ретінде) сипатталуы мүмкін: туыстық қатынас жүйесі, карта ойындары, ым-ишарат, аспазшылық, діни жора-жоралғылар мен жәндіктердің мінез-құлқы. Семиотика, демек, тілдің астарлауын /метафора/ кез келген тілдік емес (қарапайым, «семиотикалық емес» сана тұрғысынан алғанда) құбылыстарға ауыстыру. Семиотиканың негізгі қағидаларының бірі ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ТЕРМИНДЕРДІҢ МАЗМҰНЫН КЕҢЕЙТУ. Яғни, семиотика методы – бұл кез келген нәрсені тілдің астарлауы /метафора/ ретінде қарастыру, басқаша айтқанда, КЕЗ КЕЛГЕН НӘРСЕНІ ТІЛ РЕТІНДЕ МЕТАФОРА ТҰРҒЫСЫНАН СИПАТТАУ. 

3. Тілдің адамзат әлемінің ең маңызды өлшемі ретіндегі ерекше орнын көрсететін көптеген теориялар бар. Мәселен, Х.Г. Гадамердің талқылауында герменевтика тілді (алайда бұл жерде тіл семиотикадағыдай кең және бұлыңғыр мағынада қарастырылмайды) «адамзат өмір сүретін қолайлы орта» деп қарастырады. Адамзат тіршілігіндегі символикалық аппараттың атқаратын негізгі ролін мойындау психологиядағы, әлеуметтанудағы, антропологиядағы және т.б. ғылымдардың көптеген бағыттарының жұмысының негізін құрайды. Алайда, ешкім осы ғылымдарды семиотика деп атамайды, бірақ семиотиканың өзі де өз-өзін оларға қарама-қарсы қояды. Неге? 

Менің ойымша, бұның себебі семиотика өзін әлдебір метағылым (Пирс бойынша металогика және Ельмслев бойынша металингвистика) ретінде көрсетуінде ғана емес. Метазерттеулер семиотиканың жұмыстарының кішкене пайызын ғана құрайды, семиотиканың өзі бірнеше шағын пәндерге (бағыттарға) тарайды. (Бұл туралы Т. Себеоктың редакциясымен шыққан «Encyclopedic Dictionary of Semiotics»-тағы «Semiotics» мақаласын қараңыз). Сондықтан да, жоғарыда айтылғандай, көптеген адамдар үшін семиотиканың немен айналасатыны және оның мақсаттары қандай екені үлкен жұмбақ болып отыр. Тіпті университет студенттеріне арналған семиотика туралы кітапта берілген мағлұматтар өте бұлыңғыр, ақылға қонбайтын, ерекше терминдерге, сызбалар мен формулаларға толы бір нәрсе ретінде көрінеді. 

Әрине, «Семиотика деген не?» деген сұраққа «Белгілер мен белгілер жүйесімен айналысатын ғылым» деген жауап беру орынды болып табылады. Алайда бұндай жауап - жауап беріп отырған адамның өзін де қанағаттандырмас.

Сол себептен мен семиотиканың тағы бір анықтамасын бергім келіп отыр – ол субъект бойынша анықтама. Семиотиканы ғылым ретінде семиотиктер қалыптастырады. Ғылыми жұмыстың семиотикалық бағытта орындалуының белгісі (ол жұмыс кез-келген нәрсе туралы болуы мүмкін) семиотикада қалыптасқан терминдерді қолдану (белгі, код, сигнификафия, семиозис және т.б.) және басқа семиотиктердің еңбектеріне сілтеме беру болып табылады. Сөйтіп, субъект бойынша анықтама мынадай болуы мүмкін: «СЕМИОТИКА ДЕП – ӨЗДЕРІН СЕМИОТИКПІЗ ДЕП АТАЙТЫН АДАМДАРДЫҢ СЕМИОТИКА ДЕП САНАЙТЫНЫН АЙТАМЫЗ». 

Негізігі бағыттар

Семиотиканың үшінші анықтамасының аясында басқа да кеңейтілген түсіндірмесін шығаруға болады. Мәселен,  семиотика деп белгілерٖнің табиғатына сүйенген және де өзін тіл құбылысы ретінде түсіндіруді не талқылауды көздеген мәтінге деген көзқарасты айтуға болады (ал мәтін деген семиотикалық тұрғыдан қарастырылып отырған кез-келген нәрсе). Осындай (кеңейтілген) ұғымға сәйкес, семиотика мәтінді зерттеуге қатысты көптеген бағыттар арқылы жүзеге асырылады. Методологиялық жағынан алғанда, оларды мәтінді анықтауына қарай және оның мағынасы немесе мазмұнымен байланысына қарай үш үлкен категорияға жіктеу дұрыс сияқты.

1. Бірінші бағытты ИММАНЕНТИЗМ деп белгілеуге болады. Бұл жерде мәтін самодовлеющий (өз-өзіне әмірші) және «күрделі жолмен құрылған біртұтастық» (Ю.М. Лотман) ретінде, әр түрлі деңгейдегі формальды элементтер арқылы қалыптасатын әлдебір квазикеңістіктік конфигурация ретінде қалыптасады. Мәтін деңгейлер иерархиясы ретінде түсіндіріледі. Формальды (яғни құрылым) дегеніміз өзі мағынаны тудыратын нәрсе. Элементтердің иерархиясы мен олардың арақатынасы кез-келген аналитикалық процедураларға дейін бар болған және одан тәуелсіз нәрсе ретінде жүзеге асырылады. Реципиент және аналитик мәтінде бар нәрсені тек қана табады немесе анықтайды. Бұндай бағыт классикалық структурализмде анық көрсетілген.

(Имманентті деп жеке мәтіндер ғана емес, олардың пайда болуы мен қызмет етуі де қарастырылады. Мәселен, орыс формалисттерінің әдеби жолдардың имманенттілігі туралы айтқан ойлары немесе Умберто Эконың модельдік немесе имманентті оқырман туралы концепциясын салыстырыңыз).

Мәтіннің имманентті (құрылымдық) түсіндірмесі келесі презумпцияларға сүйенеді: 

• мәтіннің негізінде жатқан құрылымдар бейсаналы және объективті болып табылады;

• олар бақылаушыдан тыс жүзеге асып отырады;

• оларды ерекшеліктер мен қарама-қайшылықтар құрайды;

• олар жан-жақты және сананың қандай да бір туындыларының дискурсивтілікті болу не болмауын және қызмет ету не етпеуін анықтайтын негізгі сызбалар немесе матрицалар ретінде көрініс табады;

• олар тіл ретінде қалыптасқан;

• және сондай ретінде металингвистика методтарымен қалай қолданса, солайша семиотика методтарымен зерттеле алады.

«Нақты ғылымдарға» бет бұрған структурализм сана мен объектіні теріске шығаруға жақын. Поль Рикер 60-шы жылдардың өзінде былай деген: «Структурализмнің мақсаты – алшақтау, объективтілеу, зерттеушіні институттың, аңыздың, салттың, т.б. құрылымымен жақындасуына шек қою». Құрылымдық талдау процедурасы барысында анықталған мән тек реттеуге келіп саяды; жеке ой не ойлау барысында анықталған түйін ретіндегі мағына кодтардың объективтілігімен өзінен алыстатылған оймен шатастырылады. Пол Рикер айтқандай: «Структуралисттік ой шын мәнінде ойлауға келмейтін ой болып шығады». 

2.Екінші бағытты «ИНТЕРТЕКСТУАЛИЗМ» деп атауға болады. Бұл жерде зейін мәтіндер арасындағы қатынасқа бұрылады. Мәтін ұғымының өзі жалпылана бастайды: бүкіл әлемнің өзі мәтін деген сияқты пікір қалай да алға тартылады. 

Жеке мәтінді құрайтын элементтер басқа мәтіндерден алынған немесе соларға сілтеме беретін мәтіндер есебінде түсіндіріледі. Мәтіннің белгілерінің генераторы және қызығушылықты құрайтын негізгі пән ретінде имманентті құрылым емес, сілтеме мен үзінділер болып табылады. Талдауға мәтін ішіндегі элементтер арасынағы қатынас емес, ал элементтер мен олардың нақты және потенциалды мәтіндерден тұратын «семиотикалық универсализм» ішіндегі констелляциялары арасындағы қатынас жатады. 

Алайда тілдің ре-онтологизациясына сүйенген осындай пан-семиотизм белгі емес болмыс проблемасымен қақтығысып міндетті түрде сәтсіздікке ұшырайды. Өзінің классикалық еңбектерінің бірінде Х.Г. Гадамер былай деген: «Семантика /яғни семиотика – Е.Г./ мен герменевтика кез-келген рухани тәжірибенің бастапқы формасы ретіндегі тілдің шеңберінен асып кетудің барлық амалынан бас тартқан».

Осындай жайдың қисынды салдары болып референтті емес белгі ұғымы табылады, яғни ол тек қана басқа белгілерге сілтеме беретін белгі. (Сонымен қатар бодрийярлық «симулякрларды» салыстырыңыз, ондағы белгілердің мәні бүкіл болмыстың алмастыратындай мағынаға ие. 

Сондай-ақ, интертекстуалды талдау жеке мәтіндердің өзіндік тұрпатын бұзып,  оларды шет шегі жоқ «интертекстуалдық» әлеміне батырады. Мәтіннің осындай жалпылама жадағай ашықтығы семантикалық бостыққа әкеп соғады. Оны оқырманның өзі әртүрлі түсіндірме кодтарын, яғни мәтінді оқу барысында қолданып отырған мәтіндері арқылы кез-келген жолмен толықтыра алады. Егер де верификация (дәлелдеу) критерийлері деконструктивизмдегідей бұлыңғыр болса, онда ақиқаттың күйзелісі басталады. Осы күйзелісті бағыттайтын бағдар жоғалғанда, мәтін-әлем де қандай да (белгілі бір) мағынасын жоғалтқандай көріне бастайды. Структуралисттерге қарағанда осындай психотипті ұстанушылар өздерінің мәтіндік тәжірибесін «ғылым» терминдері арқылы емес, тіл билігінен қашу мен ойын терминдері арқылы сипаттайды. 

«Интертекстуализмнің» барлығы ақпарат мағынасында, яғни табиғи жолмен келген білім ретінде қабылданатын мәндер резервуары деген түсініктегі мәдениетке негізделеді. Сондықтан формальды лингвистикалық ұқсастықтарды (цитаттар, парафраздар, т.б.) іздеп табу процедурасы салыстырылып отырған мәтіндер сегменттерінің мағынасының ұқсастығы немесе сәйкестігі туралы айтуға мүмкіндік береді. Бұл жерде мәдениет «дайын тұрған білім» дегенге саяды, оның (білімнің) бөліктері бір мәтіннен екінші мәтінге көше отырып мәдениеттің «өміріне» мән береді. 

«Интертекстуализм» идеологиясының деңгейінде (мен бұл орайда зерттеушінің нақты тәжірибесі туралы айтып отырған жоқпын) мәтінді ТҮСІНУ проблемасы (яғни оның туындауының субъективті жағдайының реконструкциясы) иррелевантты болып көрінеді. Бұл жерде структурализмдегідей тағы да мәтінде жеке ой білдіру мүмкін емес болып табылады: ой қашанда белгілермен объективтендірілген (Пирстың «белгілер арқылы» концепциясындағыдай), ал барлық белгілер «иесіз». Жеке пікір білдіру құқығы тек қана аналитиктің құзырында болып шығады (ол, сөйтіп, қашан да кімнің мәтінін талдап отырса, содан «жоғарырақ» не «ақылдырақ» болатын болғаны).

3.Үшінші бағытты «СЕМИОГОНИКАЛЫҚ» деп атауға болады. Ол семиозисты, яғни қандай да бір белгі-емес не белгіге дейінгі болмыстан пайда болған белгілер құрылымының пайда болу проблемаларымен айналысады. Бұл болмысты әдетте табиғатқа (мәдениеткн қарама-қарсы қойылатын) балайды (және оны «өмір», түйсік (инстинкт), «психика», пейіл, т.б. деп белгілейді. 

Бахтиннен бастап мәдени әрекеттерді мәдениет пен оның өзгелері аـасындағы жағдайы өзара қатынас, күрес немесе диалог терминдерінде қарастырады. Ендігі жерде зейін мәдениет алқабының шектеріне қарай ысырылады және осы шектерді проблемаландыру «семиогоникалық» бағыттарды сипаттайды, олардың ішіндегі ең маңыздысы психоанализ болып табылады.

Осындай бағыттардың басты проблемасы – талдауға түскенде міндетті түрде белгіге ие болып, ерекшелігін жоғалтатын белгі еместіктің қалыпты орында тұрмауы. Бұл жағдай аналитикті «табиғи құбылыспен емес», мәдени түрде қалыптасқан туынды формамен жұмыс істеуіне мәжбүрлейді. 

Шын мәнінде, бейсаналыны табиғи құбылыс ретінде түсіндіру оның объектісін түсіндіруге жетелейді. Бұл дегеніміз, біз бейсаналыны бажайлай отырып, шынтуайтында тек қана оның объективтелу барысын көреміз. 

Семиотиканың философиялық негіздері

Тарихи тұрғыдан алғанда семиотиканы шағын ғана ғылым бағыттарының өкілдері құрған, атап айтқанда, ең алдымен, логиктер, математиктер және лингвисттер. Семиотиканың негізін қалаушылардың жалпы дүниетанымы прагматизм, утилитаризм, бихейвиоризм, (нео)кантиандық, т.б. формадағы позитивизмге сүйенген. 

Позитивизмның негізгі белгілері қандай?

Метафизиканы теріске шығару (тек қана бақылауға болатын нәрсе ғылыми мәнге ие);

Онтологияны теріске шығару және оның орнына таным теориясы мен методологиясын қолдану (нақты ақиқатты тану мүмкін емес, тек қана бақылауға алынған деректердің негізінде ықтималдық болжамдарды құруға болады);

Алдын-ала айқындылық және осымен байланысты рационализмді теріске шығару (еш нәрсені тікелей тануға болмайды, барлық нәрсені логикалық түйін процедурасы арқылы дәлелдеу керек);

Субъективтілікті теріске шығару және оны объективті ғылыми білім үшін қарапайым кедергі ретінде қарастыру (субъект пен нысанды абсолюттік қарама-қарсы қою);

Қалып концепциясының басымдылығы (қалыпты деп тек қана сезім мен логикалық ойлау мойындалады; басқасының барлығы надандық пен ауытқу).

Чарлз Сендерс Пирс «Вопросы, касающиеся некоторых способностей, приписываемых человеку» («Адамға тән деп танылатын кейбір қабілеттерге қатысты сұрақтар») атты өзінің әйгілі эссесінде мынаны айтқан: 

1.Бізде интуиция жоқ, бүкіл білім бұрынырық алынған білімнен туындайды;

2.Біздің интроспекцияға қабілетіміз жоқ, ішкі әлем туралы біліміміздің барлығы сыртқы жағдайларды бақылау нәтижесінде болжау арқылы қалыптасады;

3.Біз белгілерді қолданбай ойлай алмаймыз.

Осындай нақты фундаменті бар тезистеріне сүйене отырып, ол өзінің белгілер теориясының іргесін қалаған. Пирс бойынша, адамдардың шынайы болмысқа тікелей жолы жоқ, оған ие бола алмайды да. Белгілер – адамзат ақыл-ойы мен әлем арасындағы жан-жақты делдалдың өзі. Мәдениеттің белгілері жеке индивидтің қазынасы болмаса да, қоғамның байлығы, сондықтан белгілердің мәнін қоғам орнатады. Сөйтіп, Пирс философиясының трансценденттік қағидасы интуиция емес (ең болмаса Декарттың ұғымындағы), қоғам, ал шындықтың өлшемі – әлеуметтік консенсус. Шындық конвенционалды (яғни қоғамдық келісімнің жемісі) болғандықтан, Ғалым мен Философтың міндеті болмысты бар күйінде тануға ұмтылуда емес, (себебі ондай таным тіпті мүмкін емес), сол туралы қалыптасқан идеяларды ашып түсіндіруде. 

Осы идея логикалық позитивисттердің күшімен қайта жандандырылып, Соссюрдің тіл белгісі шартты болсын деген пікірімен, Маркстың жалған сана ұғымымен, Фрейдтың бейсаналық тұжырымымен  қайта бекітіліп, структурализмнің де, семиотиканың да ғылыми негізіне айналып, осы күнге дейін міз бақпай тұр. Тіпті пост-структурализм мен деконструктивизм де осы көне шындыққа күмән артпаған. 

Бәлкім, позитивизм XIX ғ. ғылымның дамуына жол берген өте прогрессивті көзқарас болған шығар. Алайда уақыт өзгеруімен ғылым да өзгеріп жатыр. Қазіргі ғылымның ерекшеліктерін анықтаған «парадигманың ауысуы» барысында механикалық және позитивисттік дүниетаным «тым шектеулі және де өзгерісті талап ететіні» анықталып отыр (мен аса ірі қазіргі заманымыздың физигі мен философы Фритьора Капраның «Metaphores of Cosciousness» деген жинаққа берген алғысөзінен үзінді келтіріп отырмын, 2-ші басылым, 1981).

Капраға сәйкес, жаңа парадигманың негізгі белгілері мыналар:

Объект/субъект және ақыл/материя деген оппозициядан бас тарту;

Сана-энергияны ғальмның маңызды аспекті ретінде мойындау;

Әлемге деген органикалық, біртұтас көзқарас;

Болмысқа қатысты барлық рационалды көзқарастардың шектеулі екенін мойындау;

Интуицияны танудың ең әсерлі тәсілі ретінде қабылдау;

Мистикалық және паранормалды тәжірибені заңдастыру.

Қазіргі ғылымның қағидаларын қалыптастыруда алуан түрлі ғылым өкілдері – кванттық физикадан антропология мен трансперсоналды психологияның өкілдері – қатысып жатыр. «Жаңа парадигманың» қалыптасуымен толығырақ, мысалы, Станислав Грофтың еңбектерінен қарауға болады (соның ішінде мынаны қараңыз: Grof, S. Beyond the Brain. NY 1985; сонымен қатар Грофтың осы және басқа да кітаптарының орысша аудармалары бар). 

Семиотика ғылыми объективті идеяны тұтқанымен өзінің негізгі (кейде қалыптастыруы қиын) алғышарттары бойынша артта қалған ғылымға тән дүниетаным аясында қалып отырған тәріздес. Осындай пікірге сәйкес келмейтіндері аз ғана. Мәселен, кейінгі Ю.М. Лотманның (негізінен И. Пригожинның әсерімен) тарих пен мәдениеттегі алдын-ала болжай білудің жоқтығы мен күтпеген жайттарды туғыза білетін қасиеттерге қызығушылығын атап өтейік, бұны семиотикалық ойлау саласына сана факторын (табиғи түсінсе де) енгізуге талпыныс деп қарастыруға болады. Өкінішке орай, бұл беталыс ары қарай дамуын таппады, себебі Тарту семиотикасы Лотманмен бірге өлген болса керек. Қазіргі кезде Тартуда болып жатқанды «Тарту мектебіне қатысты рефлексияны» сылтауратып жатқан ғылыми белсенділік. 

Семиотика ақыл күйі ретінде

Семиотиканың негізгі ұғымдарын анықтауға келмейді, сол сияқты математиканың да нүкте, көптік, сан, т.б. сияқты негізгі ұғымдарын анықтау мүмкін емес. Сонымен қатар, «белгі» бастапқы ұғым ретінде қабылдана алмайды, себебі оның өзі құрамдас болып тұр, ол басқа да қарапайым белгілерге бөліне алады. Белгі, кем дегенде, «есімнен» (мән беретін), «рефетенттен» (белгіленентін) және солардың арасындағы «қатынастан» тұрады. Дегенмен, кез келген семиотикаға үйрету «белгіні» осы ғылымның алғашқы нысаны ретінде түсіндіруден басралады. 

Юрий Шрейдер 1970-шы жылдары өзінің еңбектерінің бірінде семиотиканың бастапқы ұғымы ретінде (бірақ ол да анықтауға келмейді) белгіні емес, «белгісі бар жағдайды» санауды ұсынған. Ол деген не? Егер де семиотиканың нысаны болып кез-келген нәрсе табылса, онда ең алдымен мынадай сұрақ туындайды: «Қандай жағдайда әлдебір нәрсе белгі ретінде қабылданады, яғни семиотикалық мағынада?». Әлдебір нәрсені кім де кім белгі ретінде қабылдаған жағдай семиотикалық жағдай деп аталады.

Осындай жағдай әлдебір нәрсе қосмағыналы болып көрінген кезде орын алатыны түсінікті. Осындай қосамжарланудың мүмкіндігін Ю.М. Лотман «заттар әлемінің белгілер әлеміне айналуының онтологиялық алғышарты» деп атаған (Ю.М. Лотман. Избранные статьи. Таллинн: «Александра», 1993. Т.3, 308 б.). Өз кезегінде, осындай мүмкіндікті жүзеге асыру әлдебір нәрсені белгі ретінде қолдану керек па, керек емес па деген таңдауға байланысты. Оны А.М. Пятигорский «семиотикалық теорияның психологиялық алғышарттары» деп атайды. Осыдан семиотикалық жағдай тек қана «әлдебір нәрсені» қабылдап тұрғанның қасиеттерін ғана емес, қабылдап тұрған «әлдекімнің» менталдық күйін сипаттайды. 

Бұл, негізінен, семиотика деген объектификацияның өзі немесе белгілі бір типтегі ақылдың өзін көрсетуі. Бұл – дуалистикалық ақыл немесе қосамжарлық құрылымындағы ақыл. Егер де болмысты өз алдына өмір сүретін әлдебір нәрсе, яғни өздігінен және өзі үшін ғана өмір сүретін нәрсе деп қабылдасақ, яғни қосамжарлықтан тыс, онда семиотика – болмыстан бөлектелген, болмысты шынайы түрінде ештененің көмегісіз көре алмайтын соқыр ақылдың, яғни білместік күйіндегі ақылдың жаралуы мен жақтай отырып өз-өзін бекітуі. 

Семиотика «бинарлық оппозицияларды» танымның жан-жақты құрылымы ретінде онтологияландыра отырып, қиял, елес немесе нақты шынайы емес құбылыстармен жұмыс істей алады. Ол болмыстың бар күйінен басқа тереңірек және биігірек болмыстың, мәдени конвенциядан бөлек болмыстың бар екенін теріске шығарады. Батыс мәдениетінде кем дегенде соңғы алты ғасырда ең маңызды орынға ие болып отырған және жан-жақты дерлік «түсіну цензурасы» ретінде әрекет етіп отырған семиотикалық ақыл шын мәнінде мүмкін емес нәрселерге алаңдап отыр (Бұл мәселе К. Свасьянның «Становление европейской науки» атты керемет монографиясында тереңірек қарастырылған. Ереван, 1990).

Идеология мен сендіру техникаларының қазіргі семиотиканың ең әлгілі проблемасы болуы кездейсоқ емес. Идеология мен сендіру және семиотиканың табиғаты бір – екеуі де тек қана білместік саласында бола алады. Ненің қалай болатынын білмейтіндер ғана сендіру мен манипуляцияға көнеді. Менің ойымша, Будда мен Христос сияқты адамдарды үгіттеу мүлдем мүмкін емес. Барт пен Дерриданың «семиотикалық» (яғни тілде жасырылған билік қатынастарын анықтау мен жоюға бағытталған) ұстанымдары ең соңында өте мықты және агрессиялық идеологияларға алып келуі тегін емес. Басқаша болуы мүмкін емес еді, себебі семиотиканың өзі тұзы жеңіл ізбасарларына тар және біржақты дүниетанымды ұсынып отырған идеология болып табылады. 

Семиотиканың «мәдениет құпияларына» әмбебап кілт ретінде қызмет етуге құлшынысы сапаны санға, заттарды тікелей қарастыруды «түсіндіруге» ауыстырған, «позитивті білімнің» шолақ догмаларымен «ғылыми емес» деп танылған анық ойлау қабілетін жоғалтып алған батыс ғылымының эволюциясымен (кем дегенде таяуға дейін) байланысты. 

Семиотикалық методты сынау сонымен қатар механицизм, позитивизм және таным субъектін таным сферасынан қуғындау қағидаларына сүйенген ғылымды да сынау болып табылады. Дәл осындай ғылымға Хайдеггердің мына сөздері лайық келеді: «Ғылым ойламайды. Ол ойлай алмайды, өткені оның жолдары мен тәсілдері сондай. /.../ Ойлай алмауының арқасында ғылым өз зерттеу саласында бекітіліп, әрі қарай дами алады. /.../ Тек ғылым мен ой арасында тұңғиықтың бар екенін мойындаған жағдайда ғана олардың арақатынасы қалыпқа түседі» (Логос, М., 1991, №1, 50 б.). Хайдеггердің мына пікірін философтың экстравагантты парадоксы деп есептеп, ғылымның ойлау қабілеті бар деп мойындаған жағдайдың өзінде, оның экзистенциалды маңызы өте шектеулі болып қала берер еді. 

Өйткені үндістің бір оқытушысы айтқандай: «Ойлау керек, бірақ ол аз. Сонымен қатар өмір сүре білу керек!» Оған қоса «семиотиканың психологиялық алғышарттарына» қатысты айтқан сөздерін келтірейік: «”Біз белгілер әлемінде өмір сүреміз” не ”адам белгілер әлемінде өмір сүреді” деген сияқты сөздер де ”адам заттар әлемінде өмір сүреді” немесе ”адам идеялар әлемінде өмір сүреді” деген сөздер сияқты да мүмкін емес. ”Адам таңдау әлемінде өмір сүреді” деп айту дұрысырақ болар еді». Өкінішке орай, адамдардың көпшілігі осындай шабыт беретін фактты түсіне бермейді. 

Тағы бір сұрақ. Неге семиотикаға деген қызығушылық әлі күнге дейін сақталып отыр? Менің ойымша, оның бір себебі ол өмірді «түсініктірек» етеді, демек, ыңғайлырақ және анығырақ етеді. Ол тиімді психологиялық қорғаныс ретінде қызмет етеді – болмысқа қарсы қорғану. Болмыс жалаңаш күйінде өте әсерлі әрі біздің шектеулі «МЕН» үшін және қастерлеп отырған «тұрақтандырылған идеяларымыз» үшін тым қауіпті. Егер де оны алдымен «белгілерге» бөлсек, онда оның жұмыс істеуі әлдеқайда жеңілірек болмақ.   

Аударған Ұлан Еркінбаев

"Қабылан ақпараттық порталы"

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Евгений Горный: Семиотика дегеніміз не?
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/sin/2017-05-27/722.html